Павлодарда 1200 оқушы жаңа мектепке барады

Павлодарда «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған алғашқы мектеп білім күні пайдалануға беріледі.

Жаңа ғимаратта инновациялық сыныптар, заманауи зертхана мен кең спорт залы бар. Оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалған. Өңірде «Келешек мектептері» жобасымен 3 мектеп бой көтереді. Қазір 600 орындық тағы бір білім ошағының құрылысы жүріп жатыр.

«Достық» шағын ауданында мектепке сұраныс жоғары еді. Бұған дейін мұндағы оқушылар басқа аудандарға қатынап оқыды. Биыл жаңа оқу жылын 1 мың 200 оқушы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған жаңа білім ордасында бастайды. Ғимарат барлық заманауи талаптарға сай келеді.

Айнұр Бекбаева, № 48 мектеп директорының м.а:

-Біз 1-ші қыркүйекте балаларды қарсы алуға дайынбыз. Енді Келешек мектептің ерекшелігі неде? Біріншіден, ол заманауи, халықаралық стандартқа сай. Мектепте 53 оқу кабинеттері бар. Әрбір кабинет керекті оқу жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Онымен қатар ағылшын тілі, информатика, орыс тілі кабинеттерін бөліп оқытуға, лабораториялық кабинеттер, оның ішінде химия, физика, биология, STEM – зертханасы, робототехника кабинеттері.

Оқу сыныптарынан бөлек мұнда шеберхана, хореография және акт залы, кең асхана бар. Мектеп ауласында бүтін бір спорт қалашығы салынған. Футбол, баскетбол, хоккей алаңдары мен балаларға арналған арнайы ойын алаңдары толық жабдықталған.

Сергей Жуков, Мердігер компания өкілі:

-Құрылыс жұмыстары 2024-ші жылдың мамыр айында басталды. Мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Біз балалардың денсаулығына әсер етпейтін, тек экологиялық таза материалдарды қолдандық. Менің ойымша, бұл білім ордасы әлі талай ұрпаққа қызмет етеді.

Мектептің құрылымы да ерекше. Нысан он блоктан тұрады. Қауіпсіздік мақсатында бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек кіріп-шығу есіктері қарастырылған. Ғимарат ішіне 152 бейнебақылау камерасы орнатылды. Жобаның жалпы құны – 6,5 миллиард теңге. Оның 1 миллиарды заманауи жабдықтарға жұмсалған.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев