Алматыда 475 мың адам МӘМС жүйесінен тыс қалған

Алматыда жарты миллионға жуық тұрғын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың дені – жұмыссыздар мен әртүрлі қиын жағдайға тап болғандар. Осы саланы ширата түсу үшін жуырда заңға өзгерістер енгізілді.

Енді 2026 жылдан бастап жергілікті атқару органдары халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігі үшін сақтандыру жарнасын төлей бастамақ. Осылайша, Алматыда тағы 95 мыңға жуық адам Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің көмегіне жүгіне алады. Бұдан былай онкологиялық скринингтер барлық адамдарға тегін болады. Қоғам үшін қауіпті 8 дертке күдіктенген жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек ақысыз көрсетіледі. Әзірге бұл қызметтер тек ВИЧ пен туберкулезге тегін. Сондай-ақ буыр, қалқанша безі аурулары секілді 12 сырқат түрі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне ауысады. Болашақта денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығынның 65 проценті Міндетті әлеуметтік медицияналық сақтандыру пакетінен өтеледі. Сондықтан мамандар алматылықтарға бұл мәселеге атүсті қарамауды ескертті.

Нұрдос Қадырбеков, Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары:

- Бұдан былай жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер үшін де МӘМС жарнасын жергілікті атқару органдары төлейді. Бүгінде Алматыда 1,2 млн астам, еліміз бойынша 11,2 млн жуық адам мемлекет есебінен сақтандырылып отыр. Биыл мемлекет олар үшін ай сайын орташа айлық жалақының 2 пайызын аударады. Ал 2027 жылдан бастап жарна мөлшері біртіндеп өседі.