Ақмола облысында тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы қарқын алды

Көкшетауда тозығы жеткен алты үй сүріліп, орнына көпқабатты екі тұрғын үй кешені салынды. Ал Макинск қаласында 120 пәтерлі екі үйдің құрылысы басталды.

Макинскте Реновация бағдарламасы аясында алғашқы жоба жүзеге асты. Мұнда 120 пәтерлі екі көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Жобаны жеке инвестор қаржыландырып жатыр. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталып, апатты үйлерде тұрып жатқан 50-ден астам тұрғын жаңа баспанаға көшіріледі.

Әли Әлиев, «Kokshe» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл жерде заманауи әрі жайлы тұрғын үйлер болады. Олар 120 пәтерге шақталған. Құрылыс бірнеше апта бұрын басталды. Жұмыстар желтоқсан айында аяқталады.

Құрылыс барысын облыс әкімі Марат Ахметжанов тексерді. Өңір басшысы реновациялау бағдарламасы тұрғын үй қорын, қаланың сәулеттік келбетін жаңартуға және баспана кезегін шешуге мүмкіндік беретінін айтты.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Бұл жерде көп жылдан бері тозған үйлер бар. Бүгінгі таңда 53 үй жарамсыз болып таңылып отыр. Сондықтан Реновация бағдарламасына сүйеніп, тұрғындарды жақсы баспанамен қамту мәселесін іске асыруда. Реновация қазір тек қана Макинск емес, облыс бойынша өте жақсы деңгейде іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар облыс әкімі Макинсктегі теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Нысанды күрделі жөндеуге 160 миллион теңге бөлінген. Жалпы, өңірде 16 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр.

Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев