Астанада «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасын тапты

«AMANAT» партиясының ұйымдастырған кезекті тазалық шарасына бұл жолы «Астана РЭК» мекемесінің қызметкерлері атсалысты. Экологиялық акция қатысушылары бұны қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған бірлік, жауапкершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі деп біледі.

Назерке Ершатқызы, «Астана РЭК» ЖШС инженері:

- «AMANAT» партиясының Нұра аудандық филиалымен бірлесе отырып, «Таза бейсенбі» акциясын ұйымдастырып отырмыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, бізде кеңсе қызметкерлері қоршаған ортаға ұқыптылықты арттыру мақсатында, жалпы экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында осындай тазалық жұмыстарын, абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

Экологиялық акциядан Шымкент қаласының тұрғындары да тыс қалмады. 50-ге жуық адам көпқабатты тұрғын үйлердің арасын қоқыстан тазартты. Іс-шараға партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері мен қалалық коммуналдық мекемелердің жұмысшылары жұмылды. Жыл басынан бері «Таза бейсенбі» акциясы мегаполисте 28 рет ұйымдастырылып, оған 2500-ге жуық адам қатысқан. Осы аралықта 25 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 200-ден астам көшет егіліпті.

Ербол Байқонысов, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары:

- Бірінші кезекте аулаларды тазалыққа қарай баулып жатырмыз. Азаматтарын тазалыққа шақырып жатқан жайымыз бар. Сондықтан барлық кезеңдерде біз осындай апта сайын «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыратын боламыз. Бұл бірінші кезекте біздің қаламызды таза ұстауға, экологиялық тазалыққа алып келеді. Екіншіден, біз барлық қала жұртын осы тазалыққа шақыруды үндеп жатырмыз.