Сазды өзені шалшық суға айналып барады

Ақтөбені кесіп өтетін Сазды өзені шалшық суға айналып барады.

Мәншүк Мәметова атындағы көшедегі каналды балдыр мен қамыс басқан. Борсыған судың иісі қолқаны қабады. Аптап ыстықта сая болар орын неге мұндай күйге жетті?

Қармағы шортан қауып мәз болып жүрген балалар Сазды өзеніне жиі келеді. Мұнда шортаннан өзге алабұға, мөңке, қарабалық пен торта балықтары бар.

Үйрек ұя салып, балапан басады. Қаланы кесіп өтетін каналдың жыл сайын қамыс қоғасы орылып, балдырдан тазартылатын. Алайда биыл өзен арнасы қоқысқа толған.

Блиц-1:
- 2-3 рет келеміз достарымызбен жетісіне. Өте лас. Қармақ судың астынан кілең қоқыстарды шығарады. Судың жағдайы нашар болып жатыр. Тазаламайды. Келмейді ешқайсысы. Қарамайды.

Блиц-2:

- Ақтөбе қаласының орталығында орналасқан ғой енді. Орталықта орналасқаннан кейін халықтың денсаулығына өз зиянын тигізеді. Сондықтан да оны енді сүзгілеуден өткізіп, Осыны тазартып, Шалқар көлін тазалағандай бұл жақта да тазалау керек қой. адамдардың көп шоғырланатын жері болғаннан кейін.

Өзеннің шаһар аумағындағы арнасын тазартуға бюджеттен 15 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме күн жылығалы іске кіріскен. Бүгін де резеңке қайыққа мінген екі жеткіншек су бетіндегі балдырды қолмен теріп жүр. Тазалыққа жауапты компания өкілі өзеннің көктеп кетуіне аптап ыстық сеп болды дейді.

Асқар Шәудірбаев - мердігер компания өкілі:

- Өзеннің тартылуы мен аптап ыстықтың себібінен осындай жағдай орын алды. Қазір жүктелген міндетті атқарып жатырмыз. 10 адам жұмыс істеп жүр. Жетеуі балдыр мен шылауды шығарып жатса, екі адам қамыс шауып жүр.

Талғат Наурызов - қалалық ТҮКШ бөлімінің инспекторы:

- Мердігер мекеменің шарты бойынша жұмыстар 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Қоқыстар алынып жатыр күнделікті. Сонымен қатар қамыстар да шабылып жатыр. 2-3 күнде жағдайды тұрақтандырамыз. 

Биыл қаланың ортасынан өтіп жатқан каналға 25 субұрқақ орнатылды.  Аптап ыстықта жанға сая болатын фонтанның құрылғылары да судың бетіне шығып қалған. Өзеннің күннен-күнге тартылып жатқаны да тұрғындарды алаңдатады.

Авторы: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.