Оралда аймақтық азаматтық форум өтті
Оралда үкіметтік емес ұйымдардың XII аймақтық азаматтық форумы өтті.
Жиынға қоғамда белсенді азаматтар, билік өкілдері мен сарапшылар қатысты. Олар өңірді дамыту, жұмысшы мамандарды қолдау және Үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заңдарды жетілдіру жолдарын талқылады.
Азаматтық форумда талқылауға бірнеше тақырып шығарылды. Соның ең бастысы Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жүйелеу. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 600-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Форум қатысушылары оларды қаржыландыру, оның есебін алу және ашықтығын қамтуды көздейтін заңнамалық бастамаларды көтерді.
Айболат Құрымбаев, Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының директоры:
- ҚР заңнамасында мемлекеттік органдардың кейбір функцияларын Үкіметтік емес ұйымдарға беру туралы қағида бар. Сол туралы үлкен мәселелер көтеріп жатыр. Сонымен қатар мына Салық Кодексінде де кемшіліктер бар. Біздер Үкіметтік емес, коммерциялық емес мекеме бола тұра біздерге төленетін НДС-ті бізге тиісті салық та сондай. Сондықтан солардан босату туралы ұсыныстарымызды жасап жатырмыз.
Форум аясында жұмысшы мамандарды қолдау, өңірді дамыту және коммерциялық емес ұйымдарды құқықтық қамтамасыз етуге арналған пленарлық сессиялар өтті.
Бану Нұрғазиева, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті:
- Үкіметтік емес ұйым бүгін мәртебесі былай айтқанда заңды түрде белгіленбеген. Үш жылдай бұрын бастадық осы жұмысты. Жобасын да дайындадық. Биыл Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде өзім осы мәселені көтердім. Қасым-Жомарт Кемелұлы осыны қолдап, қазір үлкен жұмыс басталды.
Аймақтық азаматтық форумдар бұған дейін елдің бес өңірінде өткен. Күзге дейін қалған өңірлерде ұйымдастырылады. Талқылау алаңындағы айтылған ұсыныстар сараланып, үкіметтік емес ұйымдардың алдағы жұмыс жоспарына енгізу көзделген.
Талғатбек Әбдіқожа, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов