Қостанайлық кәсіпкерлер туризмді дамытуға үлес қосып отыр

Олар өз күшімен демалыс базалары мен мейрамханалар тұрғызып, саяхатшыларға арналған хабтар ұйымдастыруды қолға алған.

Осындай нысандардың бірі - Амангелді ауданында орналасқан. Бұл кешен Торғай өңіріндегі тарихи ескерткіштер мен тылсым жерлерді қалың жұртшылыққа кеңінен насихаттауға жол ашты.

Амангелді ауданындағы Үштоғай төрттағаны елдегі киелі нысандар тізімінде. Бұл тылсым жерді ғалымдар сонау 1909 жылы сипаттағанымен, оның ауқымы тек 21 ғасырда айқындалды. Бір қарағанда қатар-қатар орналасқан бір метрлік төмпешіктердің квадратты төртке бөліп тұрған диагональ пішінінде салынғанын тек ұшар биіктен ғана көруге болады. Бұны алғаш байқаған жергілікті зерттеуші Дмитрий Дей болатын. Ежелгі құрылыс ғалымдар қауымын да бей-жәй қалдырмады. Қазір мұнда кешенді қазба жұмыстары басталды.

Рауан Жомартұлы, мәдениет басқармасы тарихи ескерткіштерді қорғау орталығының ғылыми қызметкері:

- Сол кезде осы жерде жүрген аадамдардың, біздің ата бабаларымыздың инженер құрылысшы болғандығын білдіреді. Геоглифтарды қазу барысында табылған еңбек құралдары, мысалы, бұл неолит дәуіріне жатады. Содан кейін қыш керамиканың толық керамика табылған жоқ, солар табылып жатыр, әлі қазба жұмыстары жүргізілуде, барлау жұмыстары жүргізілуде. Ескерткіштердің саны өте көп.

Қостанай облысында геоглифтер саны жүзге жуықтайды. Олардың бәрі дерлік Амангелді ауданында. Зерттеушілер ұзындығы жарты шақырымға шамалас диагоналды геоглифтер 8 мың жыл бұрын бой көтерген дейді. Олардың ғылым үшін маңызы Перудегі Наски үстіртіндегі бедерлерден кем емес. Екі апта ішінде табылған 200-ден аса жәдігер Торғай жұмбағының сырын ашуға көмектесуі тиіс.   

Қуаныш Әбілмәліков, зерттеуші:

- Уақытша тұрақтың орнын қазып жатырмыз. Неолит дәуіріндегі адамдардың мекені деген болжам бар. Алғашқы адамдар бұл төбелерді көтеру үшін қандай құрал қолданғанын анықтасақ, біраз нәрсенің беті ашылар еді. 

Жыл санап тылсым жерге деген жұртшылық қызығушылығы артып келеді. Киелі орынға тәу еткісі келген отандастарымызбен бірге, Торғай геоглитін көзбен көргісі келетін шетелдік ғалымдар да өңірге жиілете бастады. Оларды орналастыру, көлігін үйымдастыру мәселесін шешуді жергілікті кәсіпкерлер қолға алды. Осылайша, еліміздің орталығы мен батысын жалғастырып тұрған автожол бойында туристік хаб бой көтерді. Саяхатшыларға арнап қонақ үй, ас ішетін орындар, автотұрақ салынған. Үштоғай төрттағанына арнайы тур үйымдастыр  ған.

Сапар Ысқақов, кәсіпкер:

- Геоглифті жоғарыдан көру керек, ол үшін бізде дрон бар, дронмен көрсетеміз, планшет бар, планшеттен қарап отырады жрғарыдан қалай көрінеді екен. Ал енді кейбіреулер айтады мен одан да жақсы көргім келеді. Біз қазір аэродром салып жатырмыз, ұшаққа отырады екі орындық, төрт орындық, сосын барамыз да жоғарыдан көрсетеміз айналдырып. Міне солай қызықтыруымыз керек.

Торғай өңірінде туризмді дамытуға мемлекет тарапынан үлкен мән беріліп  тыр.    

Талғат Саламатов, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл Арқалықтағы әуежайды реконструкциялау жұмыстарын бастаймыз. Бұл да логистиканы жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз. Егер Арқалық қаласына жүйелі әуе қатынасын ашсақ, мұнда жету әлдеқайда жеңілдейді.

Соңғы жылы аймаққа 12 мың шетелдік, 200 мыңға тарта қазақстандық турист келген. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметіне жүгінсек, олар негізінен курорттық аймақтарға, қасиетті орындар мен табиғи қорықтарға саяхаттаған.

Авторлары: Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг.