Ақтаудағы жағажайлардың бірінде құтқару бекеті ашылды

Ақтаудағы ең үлкен жағажайлардың бірінде жаңадан жабдықталған суда құтқару стансасы ашылды.

Шомылу маусымында мұнда адам қарасы үзілмейтіндіктен қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Бекет құрылысы екі айда тәмамдалды. Жобаға қалалық қазынадан 22,5 млн теңге қаржы жұмсалды.

Жазғы аптапта коммуналдық жағажай ақтаулықтар ең көп шоғырланатын орындардың бірі. Сондықтан бұл жердегі қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді. Суда құтқару стансасында кәсіби жүзгіштермен қатар тәртіп сақшылары мен дәрігерлер тәулік бойы кезекшілік етеді. Олардың әрқайсына арнайы бөлме жабдықталған. Басты міндет – демалушылардың бейқамдығының қайғыға ұласуына жол бермеу.

Жасан Байбұзов, құтқарушы:

- Теңіз деген тілсіз жау, балалар бар мына жақта, қыздар бар, оларды қарап қоймаса болмайды негізі. Теңізбен ойнаудың қажеті жоқ қой. Бір секундта батып кетеді негізі. Сондықтан біз жұмысқа келгенде біз кішкентай балдарды, ересектерді қарап жүреміз. 

Манарбек Мұханбетов, Ақтау әкімі аппаратының төтенше жағдайлар инспекторы:

- Құрал-жабдықтарында рация, мегафон, бинокль, буйлер бар. Одан кейін  құтқару құралдарының арасында қайық бар. Осы бес адам тәулігіне жұмыс жасайды. Теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сосын түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қандай іс-қимылдарды жасамау керек. Мас күйінде жаңағы теңізге түсуге болмайды, я болмаса балаларды қараусыз қалдыруға болмайды деген сияқты.

Жағажайға жақын маңда төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің шұғыл-құтқару отряды орналасқан. Оның қызметкерлері де күні-түні кезекшілікте. Құрылымның құзырында 18 жүзу құралы, соның ішінде катерлер мен квадроциклдер бар. Төтеншеліктер кез келген уақытта жағажайдағы әріптестеріне көмекке келуге дайын. Қала ішінен дабыл түссе бір минутта жиналады. Дегенмен, бірінші кезекте сақтық шараларына мән берген дұрыс дейді олар.

Назар Ізтелеуов, жедел құтқару жасағының басшысы:

- Штат бойынша 75 құтқарушы, облыс бойынша 4 құтқару бекеті бар. Ол Ақтау қаласында, Форт Шевченко қаласында, Құрық селосында, Кендірліде демалыс орнында. Өкінішке орай, аз болса да, жұмысты ақтарамыз. Жұмысымыз деген теңізде, патрульдеу және мобильді бекеттер құтқару, жалпы посттарға шығып, құтқару жұмыстарын алдын алу, рейдтік жұмыстарын жүргіземіз.  

Былтыр Маңғыстау облысында 13 адамның ажалы судан келді. Оның 12-сі жазда шомылу кезінде суға батып кеткен. Биыл қаралы тізімге тағы екі жасөспірім қосылды. Қайғылы жағдайдың көбі шомылуға тиым салынған тұстарда болған. Сондықтан құтқарушылар жұртшылықты суға түсуге болмайтын он аймақтан аулақ болуға шақырады.

Авторлары: Тамара Степанова, Саламат Бекбаев.