Астанада астрономиялық обсерваторияның жобасы таныстырылды
Оның авторы – 11-сынып оқушысы Даниал Бошан. Жас өнертапқыш, Орталық Азияда баламасы жоқ нысанды өзінің білім алып жүрген мектебінің жанынан құруды жоспарлап отыр.
Даниал Бошан №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің 11-ші сынып оқушысы. Астрофизиканы тереңінен зерттеп, ғылымға қызыққаны сонша, мектеп обсерваториясын құру жөніндегі батыл бастамаға жол салды. Жуырда жобасының макеті жасалып, оның ресми таныстырылымы өтті.
Даниал Бошан, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің оқушысы:
- Обсерваторияның макетын жасау үшін мынандай материалдар қолданылды. Біріншіден, картон, ПВХ, пластик, желім және көбінесе пластикалық бұйымдар. Обсерваторияның жасаудың басты мақсаты – бүкіл халыққа армандардың орындалатынын көрсету. Егер армандар орындалса, ғылым дамиды. Арманның жүзеге асуы үшін ол пайдалы болу қажет. Ал шын арманға дұрыс жол құру – ол әр адамның келе бермейтін өнері.
Жоба іске асса, ол Орталық Азиядағы алғашқы астрономиялық обсерватория болады. Сондай-ақ тек мектеп оқушыларына емес, әрбір ел тұрғынына ғарыш кеңістігін бақылауға мүмкіндік береді. Тіпті өнертапқыш әлеуметтік желіде тікелей трансляция қосуға дайын. Алайда обсерваторияның құрылысын жүзеге асыру үшін қомақты қаржы керек. Қазір Даниал Бошан демеушілермен серіктестік орнатуға ашықпын, дейді.
Алтынгүл Танғалиева, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің физика пәні мұғалімі:
- Обсерваторияны салу үшін біздерге үлкен көмек керек болып отыр мемлекет тарапынан. Спонсорлар болатын болса енді. Шамамен есептеуіміз бойынша 75-80, 85 миллионды құрайды деген ойдамыз. Егер жобамыз қолдау тауып жүзеге асса, нұр үстіне нұр болар еді.
Шолпан Қалқабаева, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы бөлімінің басшысы:
- Бұл елдің түкпір-түкіпіріндегі балаларды ғылыммен жақындастыратын ерекше ютуб платформасы арқылы көрсетілетін біртұтас жүйе болмақ. Қазіргі таңда Даниал сияқты көптеген дарынды балалармен жұмыс жасаудамыз. Қуантарлық жайт – осындай білім-ғылымға құштар балалар саны жылдан жылға артып келеді.
Жас өнертапқыш мұнымен тоқтап қалмайды. Ол астрофизика ғылымындағы дағдыларын жетілдіріп, тағы бір жаңалықтың жаршысы болуды көздеп отыр.
Авторлары: Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев.