Атырау облысында лотос фестивалі басталды
Өңір туризмін дамытуға арналған іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Құрманғазы ауданының Теңіз ауылына баратын туристер саны жыл сайын артып келеді. Өзге өңірлерде кездеспейтін лотос гүлін тамашалауға ағылған жұрттың қарасы қалың. Фестивальдің ашылуында 5 мыңға тарта адам жиналып, мерекелік іс-шараны тамашалады.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Алқызыл алқап бүгінде Қиғаш өзенінің 5 гектарын алып жатыр. Ғажайып көркімен, хош иісімен айдын бетін абат баққа бөлейтін гүлдердің әсемдігіне көз тоймайды. Бір ғажабы - лотос гүлі шілденің ортасынан бастап, тамыздың соңына дейін жайқалып өседі. Осы кезде табиғаттың тамаша туындысын қызықтауға келетіндер Қиғаш бойына ағылады.
Тұңғиық гүлі деп аталатын лотосты көруге өзге аудардан ғана емес, көрші облыстан, тіпті көрші мемлекеттен келетін турист көп. Табиғаттың мына ғажайыбы оларды таңқалдырмай қоймайды.
Ақтоты Абдоллаева, турист /Маңғыстау облысы/:
- Әсерім керемет. Таңғы салқынмен сағат 5-те тұрып, осы жерге 30 км қайықпен, әдемі таңғы ауаны жұтып, осы жерге келіп қалдық. Әсерім өте керемет алып тұрған. Сөзбен жеткізе алмай тұрмын. Бұл біздің Қазақстанымызға берілген байлық деп есептеймін.
Лотос фестиваліне жиналған жұрттың қарасы қалың. Іс-шараның ашылу салтанатына 5 мыңға тарта адам жиналды. 20 киіз тігіліп, келушілерге қызмет көрсетіп жатыр. Балуандар бозкілемде белдесіп, мергенден садақ атты. Қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, суретшілердің туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Светлана Шагапарова, турист /РФ, Астрахань облысы/:
- Бүгінгі фестивальдің ауқымы өте керемет. Ұйымдастырушылардың еңбегіне дән ризамыз. Бұл іс-шара Атырау облысының туризмін дамытуға мол мүмкіндіктік береді деп ойлаймын.
Лотос гүлін көруге асыққан туристер үшін 30-дан аса қайық әзірленген. Сол арқылы олар Қиғаш өзенінің бойымен алқызыл алқапқа жете алады. Өңір туризмін дамытуда мұндай іс-шараның маңызы зор,- дейді облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.
Дарын Шамұратов, облыс әкімінің орынбасары:
- Еліміз бойынша лотос гүлі тек қана Атырау өңірінде, соның ішінде Құрманғазы ауданында ғана гүлдейді. Ал әлем бойынша санаулы жерлерде. Осы өзіміздің табиғи байлығымызды халыққа насихаттау, сол арқылы туристік кластерді дамыту негізгі мақсатымыз. Бұл фестивалдің ерекшелігі, бұл бір күндік қана емес, бір айға созылатын үлкен бағдарламалық шара.
Туристер үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Ақшаңқан киіз үйлер есігін айқара ашып, қонақтарды күтуге әзір. Бір айға созылатын фестиваль арнайы осы мезгілде ұйымдастырылып отыр. Өйткені бұл уақыт – лотостың гүлдеп, жайқалып өсетін шағы.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов