1 тамызда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады

Бұл науқан барлық өңірде өтеді. Ұлытау облысында мамандар 17 мың үй шаруашылығы мен 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісін қамтуды көздеп отыр. Санақ онлайн және оффлайн форматта жүреді.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлер мен шаруа қожалықтарының иелері санаққа қатысады. Мамандар үй іргесіндегі бау-бақша өсіріп, мал ұстайтын азаматтардан да сауалнама алады. Облыстық статистика департаментінің басшысы Сания Жарымбетова онлайн сауалнаманың sanaq.gov.kz сайтында тамыз бойы ашық болатынын хабарлады. Ал онлайн толтырмаған азаматтарға қызметкерлер барып, мәлімет жинайды.

Сания Жарымбетова, Ұлттық статистика бюросының Ұлытау облысы бойынша департамент басшысы:

- 1-31 тамыз аралығында бізде санақ онлайн түрде өтеді, яғни барлық осы ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер және де барлық шаруа, ферма қожалықтары мен үй шаруашылықтары онлайн түрде қатысатын болады. Қазіргі уақытта біз барлық осы облыстың тұрғындарын санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Өздеріңіз деректеріңізді ашық әрі дәйекті түрде беруіңізді сұраймыз.

Сала дамуына қатысты шешім қабылдауда санақтың маңызы зор екеніне шаруалар да сеніп отыр. Солардың бірі – Қорғанбай ауылында жылқы және ірі қара өсіретін шаруа Айдын Сансызбай. Оның айтуынша, фермерлерге мемлекеттен тұрақты қолдау қажет.

Айдын Сансызбай, шаруа қожалығының иесі:

Бұл санақ тек халыққа көмегі тисе болды деп ойлаймын. Үкімет біліп отырады ғой, кімде қандай мал бар екенін. Кімге қандай көмек керек екенін. Санақта мен ойлаймын, жалғыз мал басының санағы емес, қандай субсидия алынды, қандай грант алынды, үкіметтен қандай көмек беріліп жатыр соның бәрі есепке алынады деп ойлаймын.

Санақтың негізгі кезеңі 1 тамызда басталады. Азаматтар сауалнаманы sanaq.gov.kz порталында өз бетінше толтыра алады. Ауылдарда жергілікті әкімдіктер мен статистика бөлімшелерінде өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары іске қосылады.

Авторлары: Гүлім Советқан, Елизавета Шалина, Нұрдәулет Аманкешов