Алматыдағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде жаңа мектеп пайдалануға беріледі
Алматы іргесіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 1 қыркүйекте жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бүгін білім беру мекемесінің техникалық ашылу рәсімі өтті. «Nomad International School» жекеменшік мектебі 3000 баланы оқытуға қабілетті.
Halyk Bank пен Damu қорының бірлескен несиелендіру бағдарламасы арқылы салынған мектепте киберспортқа басымдық берілмек. Ол үшін ең озық компьютерлер сатып алынған.
Халық саны көп Алматы облысының Қарасай ауданында мектеп тапшылығы өзекті мәселенің бірі. Әсіресе, Іргелі ауылы мен Асыл арман тұрғын үй кешенінің балалары жаңа мектепті көптен бері армандап келген. Жаңа оқу жылы су жаңа мектеп ашылып, 3000 бала бір ауысымда заманауи талапқа сай білім ала алады.
Гүлмира Ахметова, Halyk Bank Алматы ОФ директоры:
- Мектептің алғашқы кірпішінен бастап, құрал-жабдықтарға дейін толығымен Халық банк пен Даму қорының қаражатына игерілді. Біз осындай әлеуметтік жобаға қолдау көрсету арқылы оқушылардың лайықты білім алуына себепкер болып отырмыз. Осында білімді ұрпақ тәрбиеленді деген үміттеміз.
«Nomad International School» жаратылыстану саласына басымдық беріп отыр. Мұнда математика, химия, биология, физика пәндері және шет тілдері тереңдетіліп оқытылады. Сонымен қатар, әлемдік олимпиадаға енген киберспорттың болашақ чемпиондары да дайындалады. Ол үшін тайвандық компания ойынға арналған қуатты компьютер сыныбын жасақтапты.
Тони Янг, MSI Ресей және ТМД бойынша бас директоры:
- Ғылым мен техника дамыған ғасырда қазақстандық балалар да соған сай білім алуы керек. Сондықтан жаратылыстану бағытына басымдық берген жаңа мектептің ұсынысын қуана қабыл алдық. Киберспортқа арналған ең мықты компьютерлер алып келдік.
«Nomad International School» тамыздың ортасынан бастап оқшыларды қабылдайды. Кемертоғаннан 1500, Іргеліден 500 оқушы Асыл армандағы осы мектепке ауысады. Олар мемлекеттік білім бағдарламасы аясында тегін оқиды. Ал, ақылы сыныпта оқимын дегендерге шектеу жоқ.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев