Приозерск қаласында көп қабатты 8 үй қауіпті жағдайда тұр

Техникалық сараптама жасалып, алдымен 5 үйге жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды.

Іргетасы сөгіліп,  қабырғасы қақырай бастаған үйлердің тұрғындарын үрей билеген. Биыл 5 қабатты бір үйді жөндеу жоспарланған еді. Алайда жұмыс әлі басталмады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Приозерск қаласындағы мына 5 қабатты үйдің іргетасы сыр берген. Салдарынан қабырғасы жарылып, плиталары қозғалған. 78 отбасы тұратын баспанаға техникалық сараптама жасалып, мамандар 1-ші деңгейдегі қауіп бар деген қорытынды шығарды. Жақында мұнда күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

Бекзат Кенжебаеваның отбасы үш жыл бұрын осы үйден пәтер сатып алған. Баспананың  қауіпті жағдайда екенін білмепті. Жылдан-жылға пәтердің  едені түсіп, есік- терезелері қисайып бара жатыр дейді.

Бекзат Кенжебаева, қала тұрғыны:

- Терезелеріміз дұрыс жабылмайды. Қыста кәдімгідей жел үрлейді.Біз негізі резеңкелерін ауыстырғанбыз. Бірақ одан да жел үрлей берді. Сұрап едік сіздердің стеналарыңыз қисық содан деді. Басында шын мен өзім білген жоқпын. Бұл үйді сатып алғаннан кейін бірақ айтты бұл үй апатты деп.

Тұрғындардың шағымынан соң жергілікті билік үйге техникалық  сараптама жасатты. Оның қорытындысы бойынша баспананың  іргетасын шұғыл түрде нығайтып, қабырғасын темір құрсаумен қапсыру қажет деген шешім қабылданған. Бұған қоса шатыры мен қасбетін де жөндеу жоспарланған. Алайда осы жазға уәде етілген жұмыс әлі басталмаған.

Бағдат Жүнісова, қала тұрғыны:

- Келіп жатыр, тексеріп жатыр, сараптама жасалды. Енді ремонт жасалады деген әлі соны тосып отырмыз. Енді домның жағадйы осындай. Аварийный, ремонт түк жасай алмай отырмыз. Дымоходты істеп берсе, үйіміз сасып, көгеріп жатыр. Одан қалса күллі терезелеріміз шағылып жатыр.

Қалада қауіпті  жағдайдағы 8 тұрғын үй бар.  Қазір 4  үйді қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжат жасалды. Соның негізінде бюджетке өтінім жіберіліп, ақшаның бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен жөнделеді.  Ал мына бес қабатты үйді жөндеу  жақында басталады. 

Темірхан Айдарханов,  һқала әкімінің орынбасары:

- Бұл жерде 2015-2016 жылы корпустарын нығайту жұмыстары жасалған болатын. Өткен жылдан бастап шағым түсе бастады жарықтар қайта пайда болды деп. үні предаварийный деген тағы қорытынды алынды. Облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, сатып алу жұмыстары жүргізілді.

Қалған үш үйдің техникалық жағдайына қатысты құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Приозерск Балқаш көліне жақын орналасқан. Геологтардың мәліметінше жерасты суының жақын болуы үйлердің іргетасына әсер еткен,-дейді. Жалпы қалада 80-ге жуық  көпқабатты тұрғын үй бар. Көбі жарты ғасыр бұрын салынған үйлер.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит