Атырау облысында егін жинау науқаны басталды

Ал батыста егін биыл бітік шықты.

Атыраулық диқандар өнім жинау науқанын бастады. Биыл 9 мың гектарға жуық алқапқа дән егілді. Бұл былтырғыдан екі есе көп. Қазірдің өзінде Құрманғазы ауданының шаруалары жергілікті өнімді сатуға кірісті.

Еңбекші ауылындағы шаруа қожалығы биыл 20 гектарға дән салып, қауын-қарбыз, қияр-қызанақ, ащы-тәтті бұрыштарын жинап жатыр. Сандуғаш Жармұхамбетова былтыр жеміс ағаштарын еккен. Келер жылы өнім жинап алмақ. Қазір ауыл жастарын жұмыспен қамтып, жергілікті тұрғындарды табиғи өніммен қамтып отыр.

Сандуғаш Жармұхамбетова, кәсіпкер:

- Табиғаттың құбыластары да көп. Құмды, жылды топырақтар бар. Соған қарамастан осы біздің ауылдың балалары, тұрғындарымен бірге жұмыс жасап, жақсы өнім алып. Жылда біз осы аудан орталығында, Құрманғазы ауданының орталығында өзіміз осы өнімімізді сатамыз жергілікті.

Жалпы Құрманғазы ауданының жұрты төрт түлікті көбейтумен қатар, егін шаруашылығын да мықтап дамытып отыр. Биыл 48 шаруашылық 943 гектарды игерді.

Нұрлыбек Төлеп, Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- 2024 жылы 602 гектарға егін егілсе, биыл жаңа атап өткендей 943 гектар. Өткен жылмен салыстырғанда 330 гектарға артып отыр. Бізде әкімдік тарапынан арнайы 25 орын бекітілген осы шаруашылықтарға. Бұдан бөлек негізгі жеке шаруашылықтардың қазір орталықта жүкендері бар. Біріншіден, аудан орталығы тұрғындарын қамтамасыз етіп, қалған өнімдері болса, Атырау қаласына өнімдерін сатып отыр.

Облыс аумағында биыл 9 мың гектарға жуық алқапқа дән сіңірілді. Қазір 500 гектардан 7 мың тоннадан астам өнім алынды. Шаруа қожалықтарының өтінішіне сәйкес, квота арқылы шетел азаматтары да еңбек етіп жатыр.

Азат Қапанов, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Көктемгі дала жұмыстарына шаруа қожалықтарына шетел азаматтарын жұмысқа тарту, маусымдық жұмысқа 670 квота бөлініп, күні бүгінге 501 квота берілді. Жұмысқа тартылды. Әзірге 169 квота әлі бар. Әлі де жұмысқа тартуға болады.

Шаруалар тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісіне басымдық берген. Қазір су үнемдеу технологиясына көшкен шаруаларға субсидия төлеу басталды, - дейді жауаптылар. Сонымен қатар жақында 188 тонна дизель отынын жеткізу мәселесі шешілмек.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин