Қызылорда облысында «IT Tergeu» жобасы іске қосылды
Прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеруге жасанды интеллект қолданады, деп хабарлайды 24kz.
Қызылорда облысында «IT Tergeu» жобасы жүзеге асып жатыр. Мұндағы заманауи бағдарламалар жоғары технология саласындағы қылмыстарды ашуға қолданылады.
IP-адрестер мен банк карталарының деректері және сатып алу тарихы. Ғаламтордың жадында қалған осындай іздерді «Антифрод» жүйесі жылдам анықтап, алаяқтық операция туралы ақпаратты тез табуға қауқарлы. Тергеу уақыты 3 күннен бірнеше сағатқа дейін қысқарған.
Серік Әнуарбекұлы, Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі:
- Жәбірленуші өзінің карточкасынан басқа банкке аударып жібергендігі жөнінде арызданып келеді. Бұл жерде барлық квитанция, чектегі нөмірлерінің барлығын осы «Антифрог» орталық жүйесіне дер кезінде енгіземіз. Яғни, барлық деректерді көрсетіп қандай банктен қандай банкке аударылды барлығы осы жүйенің ішінде көрсетіледі. Банк жүйесімен бірге отыратын ортақ чатымыз бар. Сол жерде ІД нөмірін енгізіп транзакция бойынша ақша қаражаты кімге аударылды? Ішінде қаражаты болған жағдайда оны бұғаттауға мүмкіндік береді.
Жоғалған немесе іздеуде жүрген адамдарды да компьютерлік бағдарламаның көмегімен анықтауға болады. Бұрын бұл іске 5 тәулікке дейін уақыт кетсе, тәртіп сақшылары қазір бір күннің ішінде тауып алады.
Тимур Хамитов, Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары:
- 85 миллион теңгеге 4 компьютерлік бағдарлама сатып алынды. Олар жедел-іздестіру шараларын өткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Мәселен біз кәмелетке толмағандарды және хабар-ошарсыз кеткендерді бір тәулік ішінде таба аламыз. Жыл басынан бері 490-нан астам адам табылды. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Еркін Бөлекбай, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:
- Облыстық прокуратурамен жасанды интелектті орындау мақсатында қазіргі таңда бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – жасанды интелект мүмкіндіктерін қылмыстық процесстерде кеңінен пайладану. Мысалы қазір облысымызда қазір «IT Tergeu» жобасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – қылмысты тез ашу бағытында жүзеге асырылуда.
Нәтижесінде 3 мыңнан астам қылмыс ашылып, 483 күдікті ұсталды. Өңірдің киберполиция қызметіне қосымша тағы екі бағдарлама сатып алу жоспары бар. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамассыз етуге және есірткі қылмысын алдын алуға қолғабыс болады.
Авторлары: Райхан Тәжибаева, Акан Алиев, Айтмухамбет Байдулдаев