Алматы облысындағы шалғай ауылдарда ауыз су құбыры жаңартылып жатыр
Алматы облысының Балқаш ауданына қарасты бірнеше елді мекенде орталықтандырылған ауыз су құбыры қайта жаңғыртылып жатыр.
Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Құйған, Желтораңғы, Бірлік, Ақкөл сияқты шалғай ауыл тұрғындары күзге салым, сапалы тіршілік нәрімен қамтылмақ.
Балқаш көлінің жағасында орналасқан Құйған ауылына 23 шақырым ауыз су су құбыры төселіп, сыйымдылығы 100 текше метрлік екі резервуар орнатылды. Бірінші және екінші сорғы станциялары арасына 560 метр құбыр тартылды. Бұл жұмыстарға 15 адам мен 7 техника жұмылдырылған.
Ақпар Мақұлұлы, Құйған ауылының тұрғыны:
- Өзімнің ойым енді халыққа жақсы ғой. Су болған жерде ел көгереді, жер көгереді, ризамыз үкіметке.
Ғалымжан Тықыров, Құйған ауылдық округінің әкімі:
- 21 сәуірде басталды, 21 қазанда аяқтаймыз деген ойларында бар. Оған бөлінген қаражат 718 млн.
Бірлік ауылына 2007 жылы орталықтандырылған ауызсу құбыры жүйесі тартылды. Бірақ ол кезде аталған елді мекен тұрғындары сапалы ауызсумен жартылай қамтылған еді. Сол себепті 200 абонент осы күнге дейін үй ауласынан қазылған құдық суын пайдаланып келді.
Каркен Анипин, Бірлік ауылының тұрғыны:
- Тартылмаған көшелердің бәріне тартылды. Бұл енді таза су болғаннан кейін халықтың денсаулығына болсын өте қажет нәрсе. Жалпы біз енді бұл суды огородқа пайдаланбауымыз керек.
Андрей Синельников, Бірлік ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
- 2007 жылы негізі соғылған ауыз су жүйесі. Бірақ 9 көше кірмей қалған. Осы наурыз айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Бірлік ауылындағы ауыз су құбыры жүйесін қайта жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 513 млн теңге бөлінген. Онда сыйымдылығы 300 текше мертрлік екі резервуар орнатылды. «Жергілікті тұрғындар алдағы уақытта ауызсу тапшылығын тартпайды», дейді мамандар. Сондай-ақ Ақкөл мен Желтораңғы ауылының тұрғындары да биыл сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов