Жамбыл облысы Астананың абаттандыру мен көгалдандыру тәжірибесін негізге алмақ
Жамбыл облысы Астананың абаттандыру мен көгалдандыру тәжірибесіне арқа сүйейді.
Яғни қалаларды кешенді дамытуға арналған стандарт бекітіледі. Ол әкімдер үшін бағыт бағдар беретін дайын анықтама болады. Бұл жайында Таразда өткен семинарда айтылды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022 жылы «Қалаларды кешенді дамыту стандарттарын» әзірлеген. Оның механизмдері Астанада кеңінен қолданылды. Жоба аясында көгалдандыру жарғысы енгізіліп, жасыл желек 2,5 есе артты. Әр ағашқа QR-код енгізіліп электронды пастпорт жүйесі пайда болды. Мегаполистің брендбугі бекітіліп, бірегей стильді дизайн коды қалыптасты.
Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің төрағасы:
- Бүгінгі таңда бұл стандарттар кеңес ретінде ұсынылып отыр. Бұған дейін жоба Астана қаласын абаттандыру ісіне қолданылып тиімділігін дәлелдеді. Жалпы алдымен әр қаланың брендбугі болуы керек. Стандартта жасыл желектің де жобасы дайын тұр. Сондықтан еліміздің барлық қаласында қолдану керек.
Министрлік бекіткен жоба бойынша қаланы абаттандырудың кешенді жоспары жасалуы тиіс. Елорданың тәжірибесі Таразда былтыр қолға алынды. Қазір облыс орталығының ішімен 8 су арнасы ағып өтеді. Алдағы уақытта олардың жағасын демалыс аймағына айналдыру көзделген. Былтыр Түйте арнасы жөндеуден өтсе, келер жылы Үшбұлақ пен Қарасу каналдары абаттандырылады. Төрт шақырымдық сызықтық саябақ та салынбақ.
Бақытжан Орынбеков, қала әкімі:
- Астана қаласының тәжірибесін көрдік. Ескі үйлердің сырт келбетін жақсарту бағытын бақыладық. Бұл өте маңызды жұмыс. Біз былтыр жұмысты бастадық. Төле би даңғылының бойында 12 үйдің сыртын, қасбеті мен шатырларын ауыстыру бойынша жұмыстары жүргізілді. Биыл жұмыс жалғасады. Биыл Қазбек би, Әйтеке би, Абай көшесінің бойындағы 16 үйдің қасбеті мен шатырлары ауыстырылуда.
Семинарда Тараздан бөлек аудан орталықтары мен моноқалаларды дамыту жайы айтылды. «Таза Қазақстан» акциясының 2029 жылға дейінгі жоспары белгілі болды. Аймақта 800 бейнекамера орнатылып, 600 мың дана көшет егіледі.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә, 24КZ