Павлодарлық машинист 35 жылдық тәжірибесін жастарға үйретіп жүр
Теміржол десе, көз алдымызға жүйткіген пойыздар мен шойын жолдар елестейді. Бірақ сол қозғалыстың артында жүздеген адамның тынымсыз еңбегі жатыр. Солардың бірі – Павлодар локомотив пайдалану депосының аға машинист-нұсқаушысы Талғат Құсайынов.
Ол мыңдаған шақырым жолды бағындырған тәжірибелі машинист. Қазір жинаған білімі мен тәжірибесін жастарға үйретіп жүр.
Пойыздың уақытында жүруі мен жолаушылардың қауіпсіздігі теміржол мамандарының кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Машинст-нұсқаушы Талғат Құсайынов бұл салаға мектеп бітірген жылы келген.
Талғат Құсайынов, Павлодар локомотив пайдалану депосының машинист-нұсқаушысы:
- Мамандықты таңдауыма көршілерім себеп болды. Олардың формасы, теміржолдағы тәртіп пен салмақты бейнесі қатты әсер етті. Соларға қарап мен де осы жолды таңдадым. Алдымен машинист көмекшісі болдым, біздегі көп жігіт осы кезеңнен өтеді.
Теміржолмен бірге тыныстап келе жатқан Талғат Құсайынов қазір жас буынға бағыт беріп жүрген білікті тәлімгер. Ұжымдағы беделі де ерекше.
Николай Колтаков, Павлодар локомотив пайдалану депосының машинисті:
- Талғат – өте байсалды, жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі маман. Әрине, оның талапшылдығын айтпай кетуге болмайды. Бұл сала үшін нағыз біздің керек мінез.
Теміржол саласындағы 35 жыл – бұл уақытпен санаспай еңбек еткен кәсібіне адал жанның жүріп өткен өмір жолы. Кәсіби мереке қарсаңында Талғат Құсайыновқа «Адал еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. «Марапаты туралы мүмкін еңбегім сіңген шығар», - деп қысқа қайырды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков