Алматыда студенттерге арналған ахуалдық орталық ашылды

Алматыда жатақхана іздеген студенттерге кеңес беретін ахуалдық орталық ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Биыл орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында жұмыс істейді. Мұнда оларға нақты жәрдем көрсетіледі. Оның байланыс нөмірлері жоғары оқу орындарының сайтында жазылған. Студенттер оған кез келген мезгілде хабарласып, мәлімет алуына болады. Қалаға түнде келіп орын таппаған жағдайда уақытша дағдарыс орталығына жіберіледі. Қазір Мұхамеджан Тынышбаев атындағы көлік және логистика университеті 30-ға жуық адамды қабылдауға дайын. Дағдарыс орталығының бірі осында құрылған. Дәл осындай жұмыстар барлық жоғары оқу орындарында атқарылып жатыр.

Айта кетейік, Алматыда 200 мыңнан астам жас білім алады. «Биыл бірде бір студент далада қалмайды. «Жатақхана жетпеген жағдайда хостелдермен келісімшарт жасалып жатыр», - дейді жауапты тұлғалар.

Сәбит Суатай, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің проректоры:

- Қазіргі таңда орталықта 12 қызметкер жұмыс істеп отыр. Орталық тәулігіне 24 сағат бойынша жұмыс істейді. Негізі орталықтың мақсаты шет өңірдерден, шет аймақтардан келген студенттерімізге жатақханаға орналасытыру бойынша мәліметтер беру. Қазіргі таңда барлық оқу орындарында осы ахуалдық орталықтан бөлек кризистік орталық ашылды. Ахуалдық орталық 1 қыркүйекке дейін жұмыс істейді.