Жамбыл облысында ветеринарлар апатты ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр

Аққұм ауылдық округіне қарасты ветпункт 2022 жылы пайдалануға берілген, деп хабарлайды 24kz.

Алайда бір жыл өткен соң іргетасы сөгіліп, қабырларында жарықшалар пайда болды. Қазір су жаңа ғимарат жарамсыз күйде. Салдарынан мал дәрігерлері жарамсыз нысанда отыр. Жалпы аймақта 160 ветеринарлық пункт болса, оның 74-і талапқа сай емес. Мәселені шешу үшін ветеринария басқармасы биыл 44, келер жылы 30 жаңа пункт салмақ.

«Осылайша, мәселені толық шешеміз», - дейді басқарма мамандары. Ал 3 жыл ғана қызмет көрсеткен Аққұм ауылындағы нысанға байланысты тексеріс ашпақ.

Пернебек Қоқымбай, Аққұм ауылдық округі ветпункт меңгерушісі:

- Бұл жерде жұмыс жасау мүмкін емес. Өйткені өздеріңіз де көріп тұрсыздар, ішкі бетінен сыртқы беті көрініп тұр. Қабырғасының бәрі сөгілген. Енді бұл жер апатты жағдайда болғаннан кейін бұл жерге келмейміз. Тек арғы екі қабырғасы сөгілмеген бөлмелерде уақытша, жаз маусымында маусымдық көктемдік, күздік жұмыстар болатын уақытта, сол кезде ғана уақытша келеміз.

Талғат Қожабергенов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- 36 ветеринарлық пункттің жұмысы қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 44 ветеринарлық пункт ғимараты пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2026 жылға 900 миллион теңге қаражат бөлінеді деп күтілуде. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігіне құжаттамасының барлығы өткізілді. Құдай қаласа, келесі жылы 30-ы салынса, сонымен толық жабамыз деп күтілуде.