Оралда №2 жылу магистралін жөндеуге 2,5 млрд теңге бөлінді
Орал қаласындағы №2 жылу магистралін жаңғыртуға қосымша 2,5 миллиард теңге бөлінді.
Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды. 1987 жылы пайдалануға берілген жалпы ұзындығы 3800 метрлік жылу желісі 10 мыңдай абонентке қызмет көрсетеді. Желіні жаңартуға 9,9 млрд теңге керек болса, былтыр бұл мақсатқа Үкімет резервінен 4,3 млрд теңге қаралды. Құрылысты қазанның ортасына дейін аяқтау көзделген. Орал қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 249 шақырым. Соның тең жартысының тозығы жеткен. Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары «Жайықжылуқуат» АҚ-ның қаржысы есебінен де жүзеге асып жатыр.
Қанат Өмірәлиев, БҚО энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Жылу электр орталығының тариф ақшасына байланысты жасалатын жұмыстары бар. Биыл тек 5,5 шақырымды жөндейтін болады. Қазіргі таңда 78% пайызға жұмыстары аяқталды. Оны да 16 қазанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек жылуэлектр орталығындағы №2 қазандық ол 60% бітіп отыр. Және су жылыту №15 қазандық ол да 78% аяқталып отыр. Осылардың барлығына 895 млн тарифтан түскен ақша.