Алматының ірі көшелеріндегі құбырлар күзге дейін жөнделеді
Алматының ірі көшелеріндегі құбырларды жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.
Қаланың Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы осылай деді. Биыл 260 шақырым су желісін тарту жоспарланған. Соның арқасында тозығы жеткен құбырлардың үлесі баяу болса да азаяды. Біраз жерде кәріз жүйесі жаңартылады. Қазір алматылықтардың 99,6 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Бірақ қаланың шеткі аудандарында әлі де су тапшылығы сезіледі. Кей үйлерде су таңмен таласа ағып, кешке қарай жоғалып кетеді. Осы мәселені шешу үшін жаңа су ұңғымалары салынып жатыр. Ақсай, Ерменсай және Барлықтағы ұңғымалар іске қосылса, шеттегі жұрт та шөлдемейді. Сонымен бірге қала инфрақұрылымына жауапты басқармалар арасындағы байланыс нығаяды.
Нұрбақыт Серікбай, Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы:
- Қазір біз аудан әкімшілігімен және жол басқармасымен өз жоспарларымыздың барлығы бір-бірімен келісілді. Мысалы, біз көшені қазып өтетін болсақ, бұл жолы жылу желілерін, су желілерін барлығын бір уақытта кіргізіп шығу жоспарда бар. Бізден кейін ғана жол басқармасы асфальт жабынын жабуға кірісетін болады.