Ақтауда мыңға жуық адам банкрот деп танылды
Маңғыстау облысында бір мыңға жуық адам ресми түрде банкрот деп танылды.
Жыл басынан бері соттан тыс банкроттықты рәсімдеуге 7 мыңнан астам тұрғын ниет білдірген. 48 өтініш кері қайтарылса, тағы 62 адамның құжатын қарау көрсетілетін қызмет берушінің шешімімен тоқтатылды. Қазір мемлекеттік кірістер мекемелерінде 600-дей өтініш қаралып жатыр. Айта кету керек, банкрот деп танылғандардың қаржылық жағдайына 3 жыл бойы бақылау жүргізіледі. Олардың қаржылық операциялары жайлы деректері дереу мемлекеттік органдарға түседі.
Жансұлу Жақсыбаева, Мемлекеттік кірістер департаментінің жетекші маманы:
- Сот арқылы банкроттықпен төлем қабілеттілігін қалпына келтірудегі талаптарға көбісі сәйкес келе бермейтіндіктен, Маңғыстау облысында ондай өтініштер аз. Соның ішінде 237 өтініш сот арқылы банкроттыққа берілсе, соның тек 43-і ғана банкрот деп саналды. Ал қалғандарына істі қарау тоқтатылды.