Жошы хан кешеніне апаратын жолдың құрылысы бітпей жатыр
Жошы хан кешені мен Домбауыл кесенесіне апаратын жол құрылысы ұзаққа созылып кетті.
2022 жылы басталған жұмыс былтыр аяқталуы тиіс еді. Алайда небәрі 19 шақырым жолдың асфальт жабыны әлі төселген жоқ. Жауаптылар құрылыстың мерзімінде бітпеуіне, қаржы мәселесі қолбайлау болып тұр дейді.
Өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында қолға алынған жобаның бастапқы құны 6,6 млрд теңге болды. 19,5 шақырым жолдың құрылысына республикалық бюджет пен ұлттық қордан ақша бөлінді. Құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан, бір жылдан кейін жобаға түзету енгізіліп, қаржы көлемі тағы 3 млрд теңгеге өсті. Баға өскенімен құрылыс қарқыны баяу.
Вакил Гейдаров, мердігер компания өкілі:
- Жошы хан мен Домбауыл кесенелері арасын жалғайтын жол бөлігін толық аяқтадық. Енді қалғаны көпірден әрі қарай шамамен 13 шақырым. Ол жерде әлі асфальттың жоғары қабаты төселген жоқ. Сонымен қатар су өткізетін құбырлар мен жарықтандыру жұмыстары бар.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Мердігерлер жол құрылысының ұзаққа созылуына күз бен қыс уақытында ауа райының қолайсыздығы да кедергі келтіргенін айтады. Мысалы, Қаракеңгір өзені арқылы өтетін мына көпірді салуға жарты жылдан астам уақыт кеткен. Ал қоршауы мен жарықтандыру жұмыстарын аяқтауға кемінде тағы екі ай қажет.
Жолдың құрылысын жалғастыруға былтыр 500 млн, биыл 1,1 млрд теңге бөлінді. Толық аяқтау үшін әлі де 2,4 млрд теңге қажет. Тапсырыс беруші тарап облыс қазынасында мұндай қомақты қаржы жоқ дейді.
Жомарт Бегаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Жоба биыл 25-жылы бітуі керек болатын. Бірақ қаражаттың жоқтығына байланысты қолбайлау боп тұр. біздің өзіміздің облыстық бюджеттен ондай ауқымды қаражат болмай тұр. бірақ, жыл соңына дейін уточнениеде қарастырайын деп жатырмыз тағы 500-600 млн-дай. Біту бітпеуі белгісіз. Егер облыстық бюджеттен 1 млрд бөлінсе хотя бы онда мердігер өзімнің есебімнен толық бітірейін дейді. Бірақ енді біз олардың қалауындағы тиісті қаражатты біз тауып бере алмай отырмыз.
Мердігер компания бүгін-ертең көпір үстіне асфальт төсеуге кіріседі. Жұмысқа бірнеше бригада мен 10-нан астам техника жұмылдырылған. Қаржыландыру мәселесі шешілмесе жобаның келер жылға дейін тоқтап қалу қаупі бар. Әзірге Жошы хан кешеніне жолаушылар ой-шұқыры көп қара жолмен қатынап жүр. Тарихи орын ашылғаны мұнда 35 мыңнан астам турист келген.
Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серекбаева