Қазақстанда алғашқы Атом электр станциясының құрылысы басталды
Үлкен ауылының маңында салынатын Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына 14-15 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады.
Бүгін ел тарихындағы ең алғашқы атом электр станциясының құрылысы ресми түрде басталды. Ең алдымен бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. Балқаш көлінің жағысынан алынған топырақ сынамасы капсулаға салынып, зерттеу мақсатында ресейлік тарапқа табысталды.
Бүгін еліміздегі шағын ғана Үлкен ауылына әлем жұрты көз тігіп отыр. Осы елді мекеннің маңында атом электр станция құрылысына арналған ыңғайлы алаңды айқындау және жобалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталды. Яғни, инженерлік іздестіру шараларына кірісіп кетті. Алдымен қазақстандық мамандар халықаралық консорциум жетекшісі болып белгіленген «Росатом» корпорациясына топырақ сынамасы салынған капсуланы табыстады. Одан кейін еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылыс жұмыстары ресми түрде басталды.
Салтанатты шараға Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв бастаған мамандар қатысты.
Алексей Лихачёв, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры:
- Бұл алғашқы қадам. Біз бірінші кезекте алаңның болашақ атом электр станциясы үшін толықтай қолайлы екеніне сенімді болу үшін мұқият зерттейміз. «Росатом» Қазақстанның дамуы үшін стратегиялық маңызы зор осы жобаны жүзеге асыруға бар тәжірибесін қолдануға дайын.
Ал Ресей, Үндістан, Беларусь, Түркия елдерінде орналасқан АЭС-те жұмыс істейтін мамандар онлайн байланысқа шығып, қазақстандық әріптестеріне табыс тіледі. Енді Үлкенде жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұнда 2032 жылы құрылыстың ең қарқынды кезеңінде 10 мың адам еңбек етеді.
Әсет Махамбетов, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары:
- Осы ауданда 3 инженерлік іздестіруді бірдей бастаймыз. Шамамен инженерлік ізденіс жұмыстары 18 айдай уақытты алады. Росатом ұсынып жатқан реактор 1200 МГВТ электр қуатын беретін ВВЭР 1200 реактор болып табылады. Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенетін болсақ, ізденіс жұмыстары басталғаннан АЭС-ті іске қосқанға дейін шамамен 10-12 жылдай уақыт алады.
Мамандардың айтуынша III+ буынның заманауи ВВЭР-1200 су-су энергетикалық реакторының технологиясы ең қатаң халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай. Оны қазіргі уақытта Ресей, Беларусь, Түркия, Бангладеш, Мысыр мен Қытайдағы АЭС-тер қолданып отыр. Реактордың қызмет ету мерзімі 60 жыл, тағы қосымша 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар. Яғни бір ғасырға жуық.
Алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылау жұмыстарын бастау үшін дәл осы жер таңдап алынды. Алдымен топырақ сынамасы алынды. Бұл зерттеулер аумақтың сейсмикалық тұрақтылығын, гидрогеологиялық ерекшеліктерін және басқа да көрсеткіштерді бағалауға мүмкіндік береді.
Мұндай бағалау болашақ станцияның қауіпсіздігі үшін қажет. Осы кезеңде кемінде 50 ұңғыма бұрғыланады. Алынған деректердің негізінде АЭС-тің нақты орналасу орны белгіленеді. Ал Үлкен ауылы – еліміздің ғылыми, технологиялық және адами капиталы дамитын орталыққа айналады. Мұндағы халық саны 15-20 мыңға жетеді деген болжам бар. Қазір ауылда 2 мыңға тарта адам тұрады. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 14-15 млрд долларға жуық. Сонымен қатар қосымша 1 млрд доллар әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымның құрылысына бөлінеді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон 24KZ