Абайдың 180 жылдығына арналған шаралар өтіп жатыр
Елімізде Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай 5000-нан аса түрлі шара өтеді.
Мерекелеу тамыз айының соңына дейін жалғаспақ. Басты думан бас ақынның туған жерінде алдағы жексенбі атап өтіледі. «Құнанбай» көркем фильмінің көрсетілімі, республикалық ақындар айтысы мен дәстүрлі «Абай оқуларын» өткізу жоспарланған. Айтулы күнге Астаналықтар да өз үлесін қоспақ. Елордада ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын ұлықтаған 140-тан астам түрлі жиын түндігін түреді. Атап айтқанда, 10 тамызда Абай ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі жасалмақ. Одан кейін Семей өңіріне арнайы экспедиция жіберілді. Оның құрамында абайтанушылар, тарихшы, әдебиетші ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері бар.
Досжан Исабек, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Келесі іс-шара «Домбыра party» 10 тамыз күні «Керуен» сауда орталығының жанында кешкі сағат 19:00-де өтеді. Іс-шара барысында қонақтар қазақтың қара домбырасымен Абайдың әндері мен күйлерін тыңдап, ақынның жырлары мен даналық сөздеріне қанығатын болады. Кештің мақсаты – ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеу, насихаттау.