Астанада үздік құрылысшылар марапатталды
Бүгін Астанада үздік құрылысшылар марапатталды.
Салтанатты шара құрылсшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған. Сала басшысы Ерсайын Нағаспаев қызметкерлерді осы айтулы күнмен құттықтап табыс тіледі. Министр құрылыс саласының маңызын тілге тиек етіп, мұндағы әр жетістік, әр бой көтерген нысан қарапайым жұмысшылардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігінің жемісі деді. Осылайша әр маман табанды еңбегінің арқасында еліміздің көркеюіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына тоқталды.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Сіздер тек құрылыс нысандарын ғана емес, ел болашағының негізін қалап отырсыздар. Құрылысшы елдің іргетасын қалаушы деген қанатты сөз еңбектеріңізге берілген әділ баға. Сіздердің маңдай терлеріңізбен қаламыз көркейіп, ауылдарымыз жаңарып, халқымыздың игілігіне қызмет етуде.
Іс-шара аясында Министр құрылыс саласын дамытуға қосқан үлесі үшін сала ардагерлері мен қызметкерлерді марапаттады. Нақтырақ айтсақ 35 маман «Парасат», «Құрмет» және «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Құрметті құрылысшы» медальдарына ие болды. Құрметке бөленгендердің ішінде ашылғанына екі жыл ғана болған құрылыс материалдарын өндіретін зауытың жетекшісі Максат Садуакасов та бар. Еңбегі еленген жас кәсіпкер жұмысын жаңа қарқынмен жүргізетінін жеткізді.
Мақсат Садуақасов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
- Бүгінгі марапат үлкен мотивация. Президентіміздің біз сияқты жас кәсіпкерлерге деген лебізі өте тамаша сезім. Айтып жеткізе алмаймын. Енді осы бағытты өндіру үшін қабілетімізді көбейтеміз, білімімізді көбейтеміз. Президентіміздің сенімін ақтап, үлкен нарықтарға шығуға тырысамыз.