Қарағанды облысында көкөніс пен жеміс-жидек бағасы шарықтап тұр

Қарағанды облысында өнімін бухгалтерлік есепте көрсетпей сататын 14 ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші анықталды, деп хабарлайды 24kz.

Олар табысын жасырып, салық төлеуден жалтару үшін осындай әрекетке барған. Салдарынан картопты сату кезінде шекті сауда үстемесі қолданылмаған.

Кәсіпкерлер тарапынан жасалатын мұндай әрекет әлеуметтік азық-түлік тапшылығы мен бағаның өсуіне әсер ететін себептердің бірі. Тамыз айы болғанымен, өңірде көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы әлі қымбат. Отандық өнімдердің алды саудаға шығарыла бастағанымен, баға арзандамаған.

Әсем Ақпанбетова жеміс-жидек, көкөніс саудасымен айналысады. Б»иыл баға әлдеқайда қымбат», - дейді кәсіпкер. Мысалы картоптың келісін базардан 200 теңгеден алған. Өзге өңірлерден ерте пісетін картоп жеткізіле бастағанымен баға былтырғыдан жоғары. Ал жергілікті жылыжайда өсетін қиярдың келісі базарда әлі 500 теңгенің үстінде.

Әсем Ақпанбетова, кәсіпкер:

- Картоп бағасы уақыты болғанмен, қымбат болып тұр. Жалпы айтқанда жеміс-жидек қазір өте қымбат. Қауындар мысалы мынау колхозница дейді ғой, өте қымбат. 450-ден алып жатырмыз базардан. Өте қамбат, халықтың қалтасы көтермейді. Біз сатып жатырмыз 550-ден, өйткені салығымыз бар, жалға алу құны бар.

Тамыз айы болғанымен, жеміс-жидек пен көкөніс бағасының шарықтап тұрғанына тұрғындар наразы. Үй маңындағы дүкеннен сатып алса, тіпті екі есе қымбатқа түседі.

Зоя Тажинена, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Қазір сәуір, мамыр айы емес қой. Ол кезде жеміс-жидек пен көкөніс оңтүстіктен келеді. Қазір тамыз айы ғой, барлығы пісті. Бағаны бақылау керек. Өте қымбат. Амалсыз базарға барамыз.

Облыстың тұрақтандыру қорында қазір әлеуметтік маңызға ие 645 тонна азық-түлік сақталған. Еліміздің оңтүстік өңірлерінен бағаны тұрақтандыру мақсатында ерте пісетін көкөністер жеткізіліп жатыр. Жақында тұрақтандыру қоры арқылы 100 тонна картоп, 60 тонна қырыққабат пен 60 тонна пияз әлеуметтік сауда орындарына шығарылады. «Алайда бағаның шарықтауына өзге де себептер бар», - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

Сырым Бошпанов, Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі жанар-жағармайдың қымбаттауы, электр қуатының қымбаттауы және еңбекақының көтерілуі бағаға ықпал етуде. Өзіміздің тұрғылықты өндірушілер бағасын қымбаттатқан жоқ. Бұны қымбаттатып отырған – ортадағы делдалдар.

Қарағанды облысының прокуратурасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жыл сайынғы тапшылығы мен бағасының өсу себептеріне талдау жүргізді. Мақсат – шекті сауда үстемесін қолдана отырып бағаны реттеу. Тексеріс барысында өнімін бухгалтерлік есепте көрсетпей сататын 14 ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші анықталды. Олар картопты сату барсында табысын жасырып, салық төлеуден жалтару үшін осындай әрекетке барған.

Әділбек Балабеков, Қарағанды облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:

- Облыс прокуратурасының үйлестіруі бойынша мемлекеттік кірістер органдары аталған тұлғаларға қатысты камералдық бақылау жүргізді. Бүгінгі күні 4 өндіруші қосымша салық есебін тапсырып, 1,6 млрд теңге көлемінде қосымша табыс көрсетіп, 8,8 млн теңгеден астам сомаға салық төледі .

Қалған өндірушілерге де тиісті талаптар қойылған. Олар картопты бухгалтерлік есепте көрсетіп сатуға міндеттелді. «Кәсіпкерлер тарапынан болатын осындай әрекеттер бағаның қымбаттауына әсер ететін себептердің бірі», - дейді мамандар.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит