Сенат төрағасы Абай мен Шәкәрімнің кесенелерін зиярат етті

Абай мұрасы елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде кеңінен насихатталып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Абай облысындағы торқалы тойға барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деп, бұл шара ұлттық бірегейлікке деген ұмтылыстың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Палата спикерінің айтуынша, мерейлі дата аясында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шара өтіп жатыр. Олардың қатарында айтыс, ұлттық өнер фестивалі сынды іргелі жобалар бар. Оған қоса, Абай мұрасына арналған «Abay Academiyasy» алғашқы энциклопедиялық порталы іске қосылып, Семейде инклюзивті кітапхана ашылды. Осылайша, ақын өнегесі барлық санатта дәріптелуде. Мерейтой барысында Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын да оқып берді.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Абай мен Шәкәрімнің кесенелерін зиярат етіп, Қарауыл ауылында ақын ескерткішіне гүл шоғын қойды. Айта кетейік, ойшылдың мерейтойы Абай облысында ұлттық деңгейдегі мәдени оқиғаға айналып, оған 30 мыңнан астам адам жиналды.