Биыл Қызылорда облысында 3700-ге жуық отбасы баспаналы болады
Қызылорда облысында биыл 3700-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлайды, деп хабарлайды 24kz.
Сонымен қатар өңірде жаңа жолдар салынып, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы белсенді жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жергілікті өндіріс орындарынан шыққан құрылыс материалдары пайдаланылып отыр. Жалпы өңірде құрылыс көлемі 8 есе артқан.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Көпбалалы ана Манат Жұмандықоваға бір ай бұрын жаңа баспананың кілті табысталды. Қызылорда қаласының «Сол жағалау» ықшам ауданынан салынған түрғын үйден үш бөлмелі пәтер берілді. «Бұл күнді ұзақ күттім», - дейді ол.
Манат Жұмандықова, қала тұрғыны:
- Үйді күттік қой енді. Бірақ жұрттар 15 жыл күттік дейді, оны білмеймін ғой. Бірақ өзімізге 9 жылда келгенде қуанып кеттік енді. Керемет сезім екен ол. Жалдамалы пәтерде тұрған адамға ол өте қуанышты жаңалық. Жақсы, керемет, үйлер ұнады.
Мамандардың айтуынша, соңғы 4 жылда өңірде құрылыс көлемі 8 есе артқан. Биыл бұл салаға 167 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Ерлан Төрәлиев, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Өткен жылы біз тұрғын үйлердің пайдалануға беру көрсеткішін 116%-ке орындадық. Яғни, 166,8 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға бердік. Өткен жылы мемлекеттік бюджеттен тұрғын үйлерді салуға 40,9 миллиард теңге бөлініп, 16 тұрғын үйдің құрылысын жүргіздік. Нәтижесінде 504 пәтер халыққа берілді.
Биыл да 3700-ге жуық қызылордалық отбасы қоныс тойын тойламақ. Өңірде жол құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Былтыр 300 шақырым автомобиль жолы жөнделіп, сапалы жолдардың үлесі 92%-тен асты. «Биыл қала орталығындағы көлік кептелісін шешу үшін жаңа жол мен теміржол астынан өтетін көпір құрылысы жалғасып жатыр», - дейді мамандар.
Дархан Бақтияров, қалалық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- «Тәуелсіздікке 25 жыл» көшесі Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі аралық 4 жолақты болып, жаңа жол құрылысы бастау алып салынуда. Алдағы уақытта, қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Дәурен Әбілқайыров, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- Өңірде құрылыс индустриясы қарқынды дамып келеді. Цемент, шыны, қиыршықтас, бетон, металл өңдеу, шлакоблок, газоблок, әк және құрғақ құрылыс материалдарының қоспаларын шығару бойынша өндірістер жолға қойылған. Бүгінгі күні құрылыс материалдарын өндіру үшін саз, кварц құмы, құм, әктас, қиыршықтас қоспасы, доломит кен орындары пайдаланылады.
Өңірде «Достық үйі», «Қызылорда арена» спорт кешені, 11 мың орындық стадион секілді ірі әлеуметтік маңызды нысандар бой көтеруде. Бұл нысандардың құрылысына жергілікті өндіріс орындарынан шыққан құрылыс материалдары пайдаланылуда.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев