Президент Қытайдың ЖИ бойынша жаһандық ұйым құру бастамасын қолдады
Мемлекет басшысы Қытайдың жасанды интеллект саласында ынтымақтастықты дамытуға арналған жаһандық ұйым құру ұсынысын қолдап, жауапты мемлекеттік органдарға дайындық жұмыстарына қатысуды тапсырды.
Cондай-ақ АҚШ Президенті Дональд Трамп әкімшілігінің жоспарын зерттеуді міндеттеді. Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында айтты. Президенттің айтуынша, қазір бұл саладағы бәсеке күшейді. Биыл шілде айында АҚШ, America’s AI Action Plan стратегиясын жариялап, жасанды интеллектіні технология, экономика және қор-ғаныстағы басты құрал деп атады. Ал Қытай осы салада ынтымақтастықты дамытуға арналған жаһандық ұйым құру ұсынысын көтеріп отыр. Оның басты мақсаты, жасанды интеллектіні басқаруға арналған көпжақты тәсілдерді ілгерілету, сондай-ақ цифрлық ал-шақтықты жою, тұрақты қолдану және оны пайдалану этикасын қалыптастыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның негізгі мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Ол үшін нақты іске көшу керек. Әр мәселеге жүйелі түрде қарап, батыл шешімдер қабылдап, оның орындалуын қатаң бақылауға алу қажет. Мен бұған дейін бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін тездету туралы айттым. Қажетті инфрақұрылымды дайындап, заңнамалық негіз бен мәліметтерді жинау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектіні енгізу жұмысын бастауды тапсырдым. Бірақ бұл тапсырмалардың орындалу барысы мәз емес.