Оралда Жастар күніне арналған «Жайдарман» ойындары өтті
Оралда халықаралық Жастар күніне орай «Жайдарман» ойындары өтті, деп хабарлайды 24kz.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің кубогы үшін өткен сайысқа 8 команда қатысты. Көңілді тапқырлар бұл кеште тек әзіл мен қағытпа сөздің ғана емес, достық пен бірліктің де шынайы үлгісін көрсетті.
«Жайдарман» – қазіргі таңда ауқымды аудиторияны қамтыған жастардың ең ірі шығармашылық ортасы. Күнделікті өмірде кездесетін келеңсіз көріністерді сатира садағымен нысанаға алу арқылы көңілді тапқырлар көрерменге терең ой тастайды. Батыс Қазақстан облысы әкімінің кубогы жолындағы жыл сайын өтетін бәсекеде биыл 8 команда бақ сынады.
Нұрислам Ахметов, «Дежавю» командасының ойыншысы:
- Әр жыл сайын өте жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Бұл жерде дұрыс айтасыз, жайдарманшылар жеңіл әзілмен саясатты қозғап және Орал қаласындағы проблемаларды әзіл түрінде жеткізеді. Жайдарманшылардың сол жері үлкен плюсы деп есептеймін.
Жастық жігер мен әзіл кешіне Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов арнайы қатысып, жас буынды мерекемен құттықтады. Шараны «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған.
Архат Ислямғали, «Жастар рухы» жастар қанаты БҚО филиалының төрағасы:
- Бүгін үздік деп танылған командамызға арнайы қаржылай сыйлықтарымыз бар. Жалпы жүлде қоры 2 млн теңгені құрайды. Үздік деп танылған жеңімпаз команда 1 млн теңгені өз қанжығасына байлайтын болады. Сонымен қатар командадан басқа жеке дара ойыншылар арасында да үздік ойыншыларды анықтап марапаттайтын боламыз.
Ойын нәтижесінде «Үздік ойыншы» аталымында Қаратөбе құрамасының ойыншысы Сисенғалиев Аслан марапатталса, бас жүлде – облыс әкімінің кубогы мен 1 млн теңге көлеміндегі сыйақыны Ақтөбеден келген «Sweet» командасы жеңіп алды. II орын мен 500 000 теңгені Атыраулық «Қарабау» командасы қанжығасына байласа, III орын былтырғы кубок иегері «Европолис» командасына бұйырды.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақырап