Ғалымдар Жер бетінде күшті геомагнитті дауылдар болуы мүмкін екенін айтты

Алдағы екі-үш жылда Жер бетінде жоғары қарқынды геомагниттік дауылдар болуы мүмкін.

Мұндай болжамды Қазақстанның Ионосфера институтының мамандары жасап отыр. Бұл ғаламдық табиғи құбылыстың себебі Күн белсенділігінің артуы. Қазір Күн өзінің кезекті айналымының шарықтау шегіне жеткен. Мұндай жағдай әр 11 жыл сайын қайталанып отырады. Магниттік дауылдар қандай зиян келтіруі мүмкін және ауа райын қалай болжауға болады? 

Күннің белсенді кезеңі Жердің магнит өрісіне тікелей әсер етіп, күшті магниттік дауылдарға әкеледі. Бұл құбылыс адамдардың денсаулығына кері әсер етеді, әсіресе ең көп зиян техносфераға тиеді. Бұған дейін бірнеше жерсеріктің істен шығуы тіркелген, дейді ғалымдар. Қазақстанның Ионосфера институтының мамандары Күн белсенділігін бақылау үшін бірнеше ғылыми құралдарды қолданады. Солардың ішіндегі ең негізгісі – диаметрі 12 метрлік радиотелескоп. Институтта сондай-ақ күн радиоспектрометрі орнатылған. 

Алексей Андреев, ғарыштық ауа райын диагностикалау және болжау зертханасының меңгерушісі:

- Бұл құрылғы Күндегі радиожарқылдарды өлшейді. Мұндай құбылыстар радиобайланысқа, навигациялық жүйелерге, соның ішінде жерсеріктік навигацияға және әуежайлардың жүйелеріне әсер етуі мүмкін. Біз осы бөліністердің қалай пайда болатынын және олардың Жерге дейін қалай жететінін түсінуге тырысамыз. Басты мақсатымыз – бұл процестердің мәнін ашу.

Космостық сәулелерді бақылайтын тағы бір маңызды құрал – нейтрондық монитор. Бұл құрылғы ғарыштық сәулелердің қарқынын өлшеуге арналған және ол теңіз деңгейінен 3400 метр биіктікте, таулы аймақта орнатылған. Барлық құрылғыларда тіркеген мәліметтер Ғарыштық ауа райын диагностикалау және болжау зертханасына жіберіледі. Мұнда ақпарат өңделіп, еліміздегі құзіретті мекемелерге жолданады.

Ботагөз Сейфуллина, ионосфера институтының аға ғылыми қызметкері:

- Қазіргі кезде Күн белсенділігінің шыңында тұрғандықтан, геомагниттік дауылдар болуы мүмкін. Күн бетінде белсенді аймақтар, күн дақтары пайда болып, жарқылдар тіркелуде. Алдағы екі-үш жылда мұндай құбылыстар жалғасады деп болжануда.

Геомагниттік белсенділікке қатысты болжамдарды ең көп пайдаланатын ұйым – Республикалық ғарыштық байланыс орталығы. Орталық мамандары Қазақстанның «ҚазСат-2» және «ҚазСат-3» байланыс жерсеріктерін басқарады. Сонымен қатар ғарыштық ауа райы болжамдары метеорологтар, Төтенше жағдайлар министрлігі, аэронавигация қызметтері және электр желілерін басқаратын компаниялар үшін де маңызды.

Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев, Әбен Нарымбаев