Павлодардағы жастар форумына қатысушылар тың идеяларды ортаға салды

Павлодарда Халықаралық жастар күні мен Жұмысшы мамандықтар жылына арналған республикалық жастар форумы өтіп жатыр.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді жастар форум аясында ең алдымен Ұлы Абайдың ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті. Бұдан кейін олар өңірдегі ірі өндіріс орындарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Форумның басты мақсаты, өзара пікір алмасу және әр өңірде жүзеге асып жатқан тың идеялар мен бастамаларды ортаға салу. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Форум  әртүрлі салада табысты еңбек етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген жас мамандардың басын қосты. Бүгінгі күні тау-кен, металлургия, көмір кеніштері, энергетика саласында еңбек ететін жастардың үлес салмағы артқан. Олардың көпшілігі шетелдің беделді оқу орындарын бітіріп, өз саласы бойынша білімін жетілдірген. Екі күн бойы қатысушылар  тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен тың жобаларды талқылады. Республикалық жастар форумына қатыстушыларға Мемлекет басшысы үндеу жасап, халықаралық жастар күнімен құттықтады. Аталған форумның Павлодар қаласында өтуі де кездейсоқ емес. Бұл өндірісі дамыған жұмысшылар қаласы. Халықаралық жастар күні мен жұмысшылар жылына арналған форумның жұмысына ҚР Премьер-Министірінің орынбасары Ермек Көшербаев арнайы келді.

Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Жаңа ғана форумда сөз сөйлеген мысалы тау-кен саласында жұмыс істейтін жігіттердің әңгімесін тыңдаған шығарсыздар. Байқаған шығарсыздар деңгейлері қандай екенін. Цифр болса цифрды біледі. Математика болса математиканы біледі. Өнеркәсіп кешенінде жұмыс істейтіндер бұл жай ғана агрария емес, жай ғана кешегі шаруа емес, бұл кәдімгідей агроинженер ретінде есептеу керек. 

Форумда сонымен қатар Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған  «Самұрық Үміті» жобасы таныстырылды. Шығыс Қазақстан және Павлодар облысында жүзеге асып жатқан жоба аясында 30 жасөспірім жұмысшы мамандығы бойынша колледжге түскен. Форумға қатысушылар Павлодардың орталық жағалауында  «Павлодар жұмысшы мамандықтар аймағы» көрмесін тамашалады. Жалынды жастардың басқосуы «Ertis Promenade», сахнасында «Жастар FEST» мерекелік шарасына ұласты.