Түркістан облысында белсенді жастар марапаталды
Халықаралық жастар күніне орай Түркістан облысында белсенді жастар марапаталды.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған мерекелік кеште облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірдің әр саладағы көшбасшы жастарымен жылы жүздесу өткізді.
Жастар күніне арналған шарада облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жастарды мерекесімен құттықтады. Еркін форматтағы әңгімеде жастар өңірдің дамуына қатысты өз ой-пікірлері мен идеялары ортаға салды. Әкім орынбасары да жастарды қолдауға бағытталған жоспарларымен бөлісті.
Қала мен өңірдің өркендеуіне үлес қосқан әр саладағы белсенді жастарға облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.
Нұрбақыт Ұзақбай, өрт сөнідіруші:
- Өрт сөндіру саласында жұмыс істеп жатқаныма 8 жыл болды. Мен Ордабасы ауданы Төрткүл елдімекенінде №18 өрт сөндіру бекетінде бөлімше командирі лауазымында жұмыс істеймін. бүгінгі облыс әкімінің алғыс хатына рахмет айтамын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.
Сұңқар Бердалыұлы, медицина қызметкері:
- Осы салада 2 жылдан аса жұмыс істеп жатырмын. Медицинада өзімнің ойып алатын орнымды қалдырғым келеді. Халыққа қызмет етуден асқан маған бақыт жоқ деп ойлаймын.
Бүгінгі күні Түркістан облысында 671 мың жас бар. Бұл облыс халқының 30%-ын құрайды. Мемлекетіміз жастар саясатын ел дамуының басым бағыты ретінде белгілеп, олардың білім алуына, кәсіби өсуіне, мәдени және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасап келеді.
Ернар Бектаев, облыстық "Жастар ресурстық орталығының" директоры:
- Бұл жастардың белсенділігін арттыруға, жастардың өзіне деген сенімін арттыру мақсатында біз мотивациялық кездесулер өткіземіз. 17 аудан-қалада жастардың арасында кәсіпкерлік бағыты бойынша оқытулар және биыл жұмысшы мамандықтар жылы болғандықатан біз биыл марапатқа жұмысшы мамандықтарды көптеп қосып отырмыз.
Кеш соңында өңір талантты жастары мен танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш