Каспий теңізін зерттеуге 305 млн теңге бөлінді

Каспий теңізін зерттеуге Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді.

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Бұл қаражат Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын одан әрі дамытуға бағытталады. Мекеме су айдынының экологиялық проблемаларын кешенді зерттеумен айналысады. Атап айтқанда, Институт теңіз деңгейін бақылап, балық қорын бағалайды, оларды сақтау әдістерін әзірлейді. Сондай-ақ оның міндеттеріне  итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және олардың популяциясын сақтау мәселелері кіреді. Мамандар спутниктік мониторинг зертханаларында ғылыми-зерттеулер жүргізіп, су айдынын кешенді бақылаумен айналысады.