Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Шымкентте 20 отбасының өнегелі өмірі көпке үлгі етілді, деп хабарлайды 24kz.
Олар еңбек жолында ұрпақтар сабақтастығын өрбітіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап келеді. Бүгін «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі қорытындыланды. Салтанатты іс-шарада жеңімпаздардың есімі белгілі болып, арнайы марапатқа ие болды.
Бүгін Нұртаевтар әулеті үшін айрықша күн. Байқауда бәсі биіктеп, Шымкенттің мақтан етер мәртебесіне ие болды. Отағасы мен отанасы теміржол саласында 62 жыл қызмет еткен. Үлгілі жандар ұрпағын адал еңбекке баулып, тәрбиесіне де ерекше мән берген.
Әсия Нұртаева, қалалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы:
- XXI ғасыр – даму ғасыры. Білім, ғылым, дін, діл осы төртеуін қатар алып жүрген балалар өте жоғары дәрежеде дамып, жақсы отбасын құрып, бақытты болып отыр.
«Мерейлі отбасы» байқауына іріктеу мамыр, маусым айларында ұйымдастырылды. Осы аралықта 189 өтініш қабылданып, 20 жанұя жеңіске лайық деп танылды. Дәстүрді дәріптеп, салтын сақтағандарға бағалы сыйлық пен алғыс хат табысталды.
Ақбота Оспан, қалалық конкурстық комиссияның хатшысы:
- Шымкент қаласына нақты қосқан үлесі, балаларының жетістігі, одан кейін, айта кетерлігі, биыл Президентіміз «Жұмысшылар мамандықтар жылы» деп жариялағаннан кейін жұмысшылар отбасына көбірек көңіл бөлдік.
Ғұмыры ғибратқа, өмірі өнегеге толы жандарды дәріптеуді мақсат еткен жоба осымен 12-ші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Қатысушылар да жыл санап артып келеді. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жеңімпаздарды құттықтап, ұлттық байқаудың мән-маңызына тоқталды.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
- «Мерейлі отбасында» ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғастығы ең алғашқы орынға қойылады. Сол елдің амандығын, жұрттың тыныштығын қамтамасыз етіп отырған мерейлі отбасылардың қатары көбейе берсін.
Нұртаевтар әулеті енді ел астанасында 12 қыркүйек күні өтетін республикалық кезеңге қатысады. Байқау қатысушылары үлгілі әулетке үлкен үміт артып, сәттілік тіледі.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов