ШҚО-дағы Белоусовка ауылының халқы жиі ауыз сусыз қалады

Белоусовка ауылының халқы суға зәру.

Себебі бұған дейін тартылған 120 шақырым құбыр желісінің жұмысында кінәрат көп. Құбыр құрылысына 2 млрд теңге жұмсалған. Алайда ауыл халқы күнара сусыз қалады. Амал жоқ, бос ыдыстың бәріне су жинап, күнелтуге мәжбүр. Әкімдік мамандарының айтуынша, сапасыз құбырды жөндеуге тағы ақша керек.

Белоусовка Глубокое ауданындағы ірі кенттердің бірі. Облыс орталығынан он шақырым жердегі 10 мыңа жуық адам тұрады. Мұндағы жұрттың басты уайымы-ауызсу.  Осыдан 8 жыл бұрын 120 шақырымға созылған жаңа құбыр желісі тартылып,қолданысқа берілді. Алайда тұрғындар оның игілігін әлі көре алмай  отыр. Су тоқтайтыны туралы күн сайын хабарлама келеді.

Виктор Леонтьев, кент тұрғыны:

- Екі миллиард теңгенің жұмысы істелді. Сол кездегі әкімдік пен құзырлы орын өкілдерінен құралған комиссия  құбырды қабылдап алды. Бірақ үйлерді желіге қосар кезде оның кем-кетігі жария болды. Әр жерден ақау шығып, құбырдың көп бөлігі қолданысқа жарамай қалды. Міне содан бері  ауыз су беру жүйесі тұрақсыз.

Вера Леонтьеваның үйінен бос ыдыс таппайсыз. Зейнеткер су сыздықтай бастаса болды, келесі күннің қамына кірісіп, қор жинап қояды.

Вера Леонтьева, кент  тұрғыны:

- Міне мына шелектен бастап, тегештердің бәрін толтырып алдым. Өйткені су біресе жақсы ақса,біресе сыздықтап тұрады, кейде мүлде тоқтап қалады.

Әсіресе қырда  тұрған үйлерге су жетпей қалады. Жаңа желіден су келіп жарытпаған соң тұрғын үйлердің  кейбірі әлі  ескі желіден ажыратылмаған.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Мұндағы тұрғындар әр таңды суы бар ма екен,жоқ па екен деп алаңдап қарсы алады. Ауыз судың ауық ауық тоқтап қалуы әлеуметтік нысандарға да оңай тиіп тұрған жоқ. Ата-аналардың айтуынша, өткен оқу жылында судың жоқтығына байланысты кейбір мектептерде жалпы 40 күн сабақ болмаған.

Былтыр ғана сайланған кент әкімі бұрынғыдан қалған олқылықтың орнын толтыра алмай отыр. Ақауы көп желіні жамап жасқап, бүтіндеуден басқа амал жоқ дейді ол.

Анатолий Ташниченко, Белоусовка кентінің әкімі:

-  Жаңа құбырдың ақауы  көп. Кезіндегі комиссияның қалай қабылдап алғанынан бейхабармын. Енді осы су желісін толыққанды пайдалану үшін қосымша реттегіш арматуралар, тиектер, қысым көрсететін құралдар орнатылу қажет. Бұл үшін сәуірде 70 миллион теңге бөлініп жұмыс жүргізілді. Тамызда тағы 100 миллион теңге бөлінді.

Барлық шаруаны аяқтау үшін әлі 220 миллион теңгедей қаражат қажет, дейді мамандар. Айтуынша, егер қаржыландыру мәселесі реттелсе үш айдан соң жаңа құбыр толық іске қосылып, ауыз сумен жабдықтау мәселесі де біржола шешіледі. 

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин