Қызылордада құрылысшылар күніне орай 75 отбасына пәтер кілті табысталды

Қызылордада құрылысшылар күніне орай 75 отбасына пәтер кілті табысталды.

Бес қабатты тұрғын үй «Сол жағалау» ықшам ауданында салынды.  Биыл өңірде 870 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі.

Өңірде биыл 3 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды. Жалпы аумағы 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның бірі - «Сол жағалау» ықшам ауданында  бой көтерді. 5 қабатты тұрғын үй пәтер кезегіндегі отбасыларға берілді.

Ақнұр Әбіш, қала тұрғыны:

- Біз үш бөлмелі үйге жас және көпбалалы отбасы ретінде ие болып жатырмыз. Бұл үй бізге өте ыңғайлы. Жанында балабақша да, мектеп те бар екен.

Өңірде 96 жобаның құрылысына 167 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оған маңызды әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылым жаңарады. Құрылысшылар күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімі саладағы игі  бастамаларды атап өтті.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- 2022 жылмен салыстырғанда 8 есеге артты. Нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көрсеткіші бойынша республикада үздіктер қатарында келеміз. Бұл жаздың ыстығы мен қыстың қаһарлы суығына қарамайтын құрыш қолды құрылысшыларымыздың еңбегі. Соңғы үш жылда облысымызда қаржыландырудың барлық көздерінен 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Мерекелік шарада құрылыс саласының үздіктері «Достық», «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек даңқы» орден-медальдарымен марапатталды.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев, 24KZ