Академик Темірғали Көкетаевқа мемориалдық тақта орнатылды

Евней Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінде көрнекті ғалым, академик Темірғали Көкетаев еңбек еткен оқу ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды.

Темірғали Көкетаев, «Оксфор» университетінде дәріс оқыған тұңғыш қазақ. 1999 жылы  халықаралық биографиялық орталықтың шешімімен дүниежүзі физиктерінің арасында «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған. Физика заңы бойынша, 180 градусқа дейін қыздырылған қандай да болсын қатты дене, сыртқа жарық шығарады. Ал отандық ғалым  дене қызбай-ақ шығатын суық жарықты ойлап тапқан. Кейін бұл тың жаңалық әлемдегі талай өндірістік жетістіктердің бастауына айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ескерткіш тақта академикке көрсетілген құрмет белгісі ғана емес, жас ғалымдар мен студенттер үшін өнеге болмақ.

Нұрсахан Ахметова, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Зерттеу университеті,  ұлттық университеттің осындай дәреже алуы Көкетаев сияқты ғалымдардың еңбегінің нәтижесі. Өйткені Көкетаев осы корпуста қаншама еңбек шығарды. Әлемдік ғалым атағына дейін көтерілуі университеттің бүгінгі деңгейін көрсетеді.