ШҚО-да жылыту маусымына дайындықты қадағалайтын штаб құрылды
Шығыс Қазақстанда жылу беру маусымына дайындық барысын қадағалайтын штаб құрылды, деп хабарлайды 24kz.
Мамандар жылу станциялары мен қазандықтардың қысқа әзірлігін тексереді. Биыл өңірде жөндеу жұмыстарына 25 миллиард теңге бөлінді. Оның 8 миллиард теңгесі желілерді жаңғыртуға жұмсалды. Қазір шалғай аудандардағы қазандықтар дайын тұр. Көмірмен қамту мәселесі де шешілді.
«Дегенмен, тұрғындар ерте қамдануға асығар емес», - дейді жауаптылар. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің де ішкі желілерін жедел дайындау керек. Қазір облыстағы 3 мыңнан аса көпқабатты үйлердің 65%-і ғана қысқа дайын.
Рауан Тұрысбек, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі кезде жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүрггізілуде. Осы биылғы 2025 жылғы жөндеу жұмыстары науқанына 24,8 миллиард теңге қарастырылған. Бекітілген іс-шара жоспарларына сәйкес бірінші қыркүйекке дейін нысандар 100% дайын болады.