Алматыда Bek Air компаниясы ұшағының апатына қатысты сот отырысы өтіп жатыр
Алматыдағы Түрксіб аудандық сотында Bek Air әуе компаниясының қаза тапқан ұшқыштары Марат Мұратбаев пен Мейіржан Молдақұловқа қатысты қылмыстық іс қаралуда.
Олар 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы әуежайының маңында апатқа ұшыраған Fokker 100 ұшағын басқарған болатын. Әуе апатынан 12 адам қайтыс болған еді. Қаза тапқан айыпталушылар мүддесін адвокат Бейбіт Кендірбаев қорғауда. Оған мемлекеттік айыптаушы қарсы уәж келтіруде. Тараптар алты жыл бұрынғы қайғылы оқиғаға не себеп болғанын, және кім кінәлі екенін анықтауға тырысуда. Бүгін сотта әуежай қызметкерлерінен жауап алынды. Олар мұзға қарсы сұйықтықтың ұшақтың қай бөлігіне және қанша мөлшерде шашылғанын айтып берді. Алдыңғы сот отырыстарында, сарапшылардың қорытындылары тыңдалды. Мамандар ұшақ қанаттарына мұз қатқанын, алайда техниканың тек артқы бөлігі ғана химиялық затпен өңделгенін мәлімдеді. Айыптау тарапының пікірінше, толыққанды мұздан қорғау жүргізілмеуіне Bek Air компаниясының үнемдеуге бағытталған ішкі нұсқаулықтары себеп болған.