Атбасарда жылу жүйесін жөндеуге ₸8,5 млрд бөлінді
Атбасарда жылу қазандықтары жөнделіп жатыр. Құрылыс жұмыстарына республикалық қазынадан 8,5 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды 24kz.
Нысандағы 4 қазандықтың екеуі осы айдың соңында іске қосылады. Ал келер айдың ортасынан бастап қалаға жылу беріле бастайды.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Атбасар қаласындағы мына жылу қазандығының іргетасы өткен ғасырдың 60-жылдары қаланған. Сол уақыттан бері мұнда бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Ескірген қондырғылардан жиі ақау шығатын. Тозығы жеткен сол жабдықтар толығымен ауыстырылып жатыр.
Олег Сержанский, мердігер ұйымның бас инженері:
- Ескі қондырлардан ештеңе қалмайды. Бәрін ауыстырып жатырмыз. Жалпы мұнда 4 жылу қазандығы бар. Соңғы жылыту маусымында бірінші және екінші жылу қазандығымен шықтық. Осы уақыт аралығында қалған екеуін қалыпқа келтірдік. Енді алдағы айда үшінші қазандықты іске қосамыз. Төртіншісі резервте тұрады. Жалпы 4 қазандықтың жалпы қуаты – 120 Гкал.
Шағын шаһардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 60 шақырым. Соның 5 шақырымы жаңартылып жатыр. Барлық жұмыс жылыту маусымы басталғанша аяқталады.
Диас Мәжитов, Атбасар аудандық Автомобиль жолдары және ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Осы жобаның нәтижесінде қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі біршама қысқарады. Яғни, 5 шақырым желінің 2 шақырымы толығымен ауыстырылып, жаңа құбырлар салынады. Қалғаны күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға республикалық қазынадан 8 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстарына 10 астам техника мен 70-ке жуық адам жұмылдырылған. Барлық жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.
Атбасарлықтар қыстан қысылмай шығу үшін 70 мың тонна көмір қажет. Қыркүйек айының басында соның 20 мың тоннасы жеткізіледі. «Қалған бөлігін жылдың соңына дейін аламыз», - дейді жылумен қамтуға жауаптылар.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко