Ақмола облысында егін орағы басталды

Жиын-терім, әсіресе, аймақтың оңтүстік аудандарында қыза түскен, деп хабарлайды 24kz.

Ал Зеренді мен Сандықтау диқандары күзгі бидайды орып болды. Жалпы облыс аумағында 50 мың тоннадан астам астық қамбаға құйылды. Гектарынан орташа есеппен 30 центнерге жуық қнім түсіпе жатыр.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Егін орағы шаруалар үшін аса бір жауапты кезең. Бітік шыққан өнімді шашау шығармай таңның атысынан кештің батысына дейін жинап, тер төгетін сәті. Сондықтан қазір диқандар: «Қамбаны алтын дәнге толтыру үшін тынымсыз еңбектеніп жатырмыз», - дейді.

Бұланды ауданының шаруалары күзгі жиын-терімге енді кірісті. Қазір олар дәнді бұршақты дақылдарды жинау үстінде.

Сергей Хилько, серіктестіктің бас агрономы:

- Қазір бұршақ дақылдарын жинап жатырмыз. Жасымықты жығып тастадық. Зығыр, міне, гүлдеп тұр. Келер аптадан бастап орамыз. Тамыз айының соңына қарай бидайға ден қоямыз.

Диқандар ауа райын барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Қазір бұл серіктестікте орақ науқанына 70-ке жуық адам мен 10-нан аса техника жұмылдырылған.

Мереке Кәрімов, механизатор:

- Ауа райы жақсы болып тұр. Күніне, міне, шыққанымызға 4-5 күн болды. Күніне бір 40 гектардан алып жатырмыз.

Жалпы биыл аймақта 5,5 млн гектар алқапқа дән себілді. Егістікті әртараптандыруға байланысты майлы дақылдардың үлесі екі жарым есе артты. Қазір астық сақтайтын 66 қойма дайын тұр. Олардың жалпы сыйымдылығы 4,3 млн тоннаға тең.

Нұрбек Бадырақов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Биылғы жылы 264 астам астық кептіргіштер біздің жұмысымызға дайын тұр. Бұлардың сағаттық қуаттылығы 9700 тонна. Жалпы біз күніне 235 мың тонна астықты кептіруге дайын біздің астық кептіргіш құралдарымыз. Сондықтан біз бір ай немесе бір жарым айда астықты кептіруге толық мүмкіндігіміз бар.

«Өңірде егін орағына 7500-ден астам комбайн қатысады. Жанармайдан тапшылық жоқ», - дейді сала мамандары. Үкіметтен 84 мың тонна сұйық отын бөлінген.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный