Шекара шебі шегендеулі тұр

Ел тыныштығын күзеткен шекарашылар бүгінгі кәсіби мерекеде әдеттегідей қызметте жүр.

Отанның қауіпсіздігі маңызды дейді олар. Ресеймен шектесетін Павлодар облысы аумағында 11 шекара бекеті мен 10 шекаралық бақылау-өткізу пункті бар. Өңірдегі тілшіміз өзен арқылы күзетілетін жалғыз шекара бөлімшесі – Ертіс заставасына  барып, 20 жыл бұрын құрылған бөлімшенің тыныс-тірлігімен танысты.

Шекарашылар күнделікті тәртіппен сапқа тұрып, алдымен арнайы нұсқаулық алды. Берілген әрбір тапсырма – жауапты.  

Амангелді Абдулдаев, «Ертіс» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары:

- Ертіс өзені арқылы өтетін мемлекеттік шекараның осы бөлігін қырағы күзетіп келеміз. ҚР  мемлекеттік шекарасы туралы заңына сәйкес, біздің басты міндетіміз мемлекеттік шекаралық режимін қамтамасыз ету, шекаралық аймақта белгіленген тәртіпті сақтау, қадағалау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.

Шекара қызметінде иісшіл иттердің ролі ерекше. Олар контрабандалық тауарлар мен тыйым салынған заттарды анықтаумен қатар шекараны заңсыз кесіп өтпек болған күдіктілерді ұстауда да таптырмас көмекші. Кинолог Михаил Сеник Ертіс шекара бөлімшесінде он жылға жуық қызмет етеді. Ол жаттықтырған қырағы иттер шекараны қорғауға  үлес қосып жүр.

Михаил Сеник, "Ертіс" шекара бөлімшесінің кинологы: 

- Қызметтік итсіз бұл жұмысты елестету мүмкін емес. Біз күн сайын жаттығу жасап, із кесеміз және патрульдік топ құрамында шекара күзетіне шығамыз. 

Ертіс шекара бөлімшесі – күрделі учаскелердің бірі. Мұнда құрлық пен су шекарасы түйіседі. Шекарашылар өзен бойын қайықпен барлап,   рұқсатсыз қозғалысты болдырмауға тырысады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші: 

- Ертіс шекара бөлімшесі Ресейдің Омбы облысымен шектесетін аймақта орналасқан. Ол облыс орталығынан 230 шақырым қашықтықта жатыр. Бұл аумақта шекара күзеті тек құрлықта ғана емес, су айдындарында да жүргізіледі. Себебі Ертіс еліміздің негізгі трансшекаралық өзендерінің бірі. Шекарашылар Отан қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қоршаған ортаның экожүйесін қорғауға да белсенді  атсалысады. 

Қызмет барысында шекара нарядтары Ертіс өзенінің жағалауын үнемі бақылауда ұстайды. Олар қайықтардың қозғалысын, бөгде адамдардың жүріс-тұрысын мұқият қадағалайды. Өзен — із қалмайтын, табиғи жағынан күрделі орта. Сондықтан бұл бағыттағы қызмет ерекше қырағылық пен кәсіби сақтықты қажет етеді. «Отан тыныштығы — шекарадан басталады». Ал шекарашылар бұл қағиданы берік ұстанады. 

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков