Қазақстандық дәрігерлер Кореяда тәжірибе алмасты
Қазақстандық дәрігерлер Оңтүстік Кореяның үздік клиникаларында тағылымдамадан өтті.
Еліміздің әр аймағынан жиналған 20 маман Сеул мен Инчхон қаласының емдеу орындарындағы заманауи медицинаның тәсілдерімен танысты.
Қазақстандық мамандардың Кореядағы тағылымдамасы бір аптаға созылды. Осы уақыт ішінде олар заманауи жабдықтармен және электронды жүйемен танысты. Атыраулық гинеколог Дария Қакимова өз емханасына жаңа тәсілдерді енгізбек.
Дария Кәкімова, Атырау қ. №3 емханасының гинекологы:
- Цифрландыру жағынан бұл жақта мүлдем қағаз түрінде документация жүргізілмейді, барлығы ақпараттандырылған. Ал бізде толықтай қағазбен жазатын жұмыс көп. Өте көп уақыт алады. Мысалы біз «ДамуМед» системасымен жасаймыз, бірақ та алайда жүкті әйелдерді жүргізгенде қағаз бізде карта іште сақталуы міндетті. Себебі көбіне «ДамуМед» толық жұмыс жасамай қалатын уақыт болады, интернетте ақау болады.
Корея клиникалары халықаралық әріптестікке ашық. Бұл елдің дәрігерлері шетелдік мамандармен тәжірибе алмасады. Инчхондағы Әулие Мария клиникасы қазір жеті мемлекетпен, соның ішінде Қазақстанмен де жұмыс істейді.
Ко Донг Хён, Инчхон әулие Мария клиникасының президенті:
- Біз Индонезия Денсаулық сақтау министрлігімен келісім жасадық. Қазір осы елдің 100-ге жуық маманы тағылымдамадан өтіп жатыр. Қазақстанмен де ынтымақтастық осылай артатынына сенімдімін. Білім алмасу мен медициналық кадрларды даярлау екі жақты байланыстарды нығайтады.
Кореялық дәрігерлер қазақстандық әріптестерін ұзақмерзімді тағылымдамаға шақырады. Бірақ ол үшін корей тілін бастапқы деңгейде білу қажет.
Қарлығаш Сағымбеков, тағылымдама ұйымдастырушы компания директоры:
- Бір аптаның ішінде өмірлік мотивация алуға болады. Негізі күнделікті рутинада жүрген дәрігер болсын, студент болсын осындай медицинасының дәрежесін көре отырып, шабыт алады. Кореяның жаңа технологиялары, бізде жоқ аппараттары және де өте дамыған медицинасы қызықтырады. Сонымен қоса біздің дәрігерлер білім ала отырып, Қазақстанда сол білімінің үлесін қосса деген ниетіміз болды.
Бұған дейін қазақстандық дәрігерлер Әзербайжан мен Түркияда болған. Алдағы уақытта Жапонияда тағылымдамадан өтпек.
Владислав Цой, Ольга Лян, 24kz