Биыл Алматы облысында 21 медицина мекемесі ашылады

Алматы облысында жыл аяғына дейін 21 медицина мекемесі пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен құны 3,5 млрд теңге болатын 38 медицина нысанын салу жоспарланса, 17-сі қолданысқа берілді. Жамбыл ауданында емхана, Райымбек, Қарасай, Енбекшіқазақ аудандарында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Ұзынағаш пен Нарынқол, Тегістік, Үштерек ауылдарында және Қарасай ауданының Абай ауылында, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Тескенсу елді мекенінде емхана құрылысы жүріп жатыр. Ұлттық жобаның мақсаты – шалғай ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету. Жаңа нысанның барлығы диагностикалық кабинеттермен, заманға сай құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі.

Майра Есбаева, фельдшер:

- Бұл жерде медицинада адам жанына қажетті, керек болған жағдайда барлық жағдай жасалған. Бұрын ол да жоқ болатын. Электрокардиограмма, алғашқы көмек көрсету аппараттары, одан кейін буын ауруларына бар ғой түрлі ем, міне, ол кабинетіміз де келді. Ең қажетті дегендері ойластырылған.

Қали Өтелбайұлы, Саурық батыр ауылының тұрғыны:

- Ол кезде қиын жағдай болды ғой, шынын айтқанда, кішкентай ғана екі бөлме. Төбесінен су ағып тұрды. Қанша рет біз айттық. Мынау соның нәтижесі. Мінекей, жаңадан медпункт салып беріп жатыр. Барлығымыз қуаныштымыз!