Үржарда көлік апатынан зардап шеккен екі бала Астанаға жіберілді
Үржардағы оқыс оқиғадан зардап шеккен екі бала Астанаға жіберілді.
Ал бір балаға операция жасалып, ол аудандық ауруханада емделеді. Жол-көлік оқиғасынан үш бала опат болды.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Қазір біз Үржар аудандық аурухананың маңында тұрмыз. Біраз уақыт бұрын зардап шеккен екі бала Астанаға жіберілді. Бір бала аудандық ауруханада жатыр. Кеше мемлекет басшысының тапсырмасымен үздік дәрігерлер келіп, жағдайы аса ауыр балаға операция жасаған.
Сапарбек Сейітпеков, нейрохирург дәрігер:
- Шамамен әрбір отамыз екі сағатқа жалғасты. Бірінші отамыз ол ішкі ағзаларға байланысты, яғни бауыр-ішек зақымдануына байланысты ішкі ағзаларына қан құйылған. Екіншісі жарақаттан кейін бас ми ісінген. Соған байланысты ота жасалды. Өміріне қатты қауіп төніп тұр деп айтуға болады. Өйткені жарақаттары күрделі, ауыр.
Қайғылы жағдай болған Бестерек ауылына біз бүгін таңертең барып келдік. Қоршаудың артында екі үйдің алты баласы ойнап отырған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, оларды жоғары жылдамдықпен келген автокөлік қаққан. Балаларды көліктің астынан алып шығу үшін арнайы ТЖ қызметкерлері келіпті.
Мұрат Ахметов, Бестерек ауылының тұрғыны:
- Төрт баланы алып кетіпті, сосын екі баланы МЧС-пен шығарып менің машинама салып берді. Содан мен моргқа апардым. Барлық жақындары қабырғалары қайысып уайымдап отыр. Бәріне көңіл айтамын.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Облыс әкімдігі тарапынан қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек те беріледі. Қазір облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылған.
Ақылбек Бәшімбаев, Үржар ауданының әкімі:
- Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес,материалдық көмек және де жерлеу рәсіміне де көмек көрсететін болады әкімдік тарапынан. Психологтар кешеден бері жұмыс атқарып жатыр. Жанұясына ата-анасына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Оқиға салдарынан екі бала оқиға орнында, біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болған. Қазір жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы