Қарағанды облысында 1500 әскери міндетті оқу-жаттығудан өтіп жатыр
Қарағанды облысындағы «Спасск» полигонында еліміздің бес өңірінен келген 1500 әскери міндетті бір айлық оқу‑жаттығудан өтіп жатыр.
Мақсат- олардың білімі мен жауынгерлік даярлығын жетілдіру. Жиын барысында әскери міндеттілер түрлі қаруды, заманауи техникаларды меңгеріп, ұрыс тактикасын үйренеді.
Жиынға келгендер күн сайын түрлі әскери-тактикалық жаттығулар жасайды.Мысалы кезекті тапсырма бойынша мина атқыштар батареясы мына тау бөктеріндегі нысаналарды дәл атып, жаудың бетін қайтаруы тиіс.
Жиынға 24 пен 43 жас аралығындағы кез-келген салада жүрген және денсаулығы жарамды азаматтар шақырылады. Мақсат- олардың білімі мен жауынгерлік даярлығын жетілдіру. «Спасск» кешеніне жиналған 1500 адам Астана қаласы мен Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарынан келген. Олардың 20 пайызы бұрын әскерде болмаған. Әскери міндеттілер алғашқы онкүндікте теориялық сабақтарға қатысты. Соның арқасында тәжірибелік тапсырмалардан сүрінбей өтуде.
Ахметхан Кенжебеков, Әскери міндетті:
- Өте қызық әртүрлі техникалар, көптеген білім алып жатырмыз. Біздің осы мұғалімдеріміз , нұсқаушыларымыз өте жоғары деңгейде бізге білім беріп жатыр. Осы әскери жиынға келіп тәжірибе алу үшін жеткілікті уақыт деп ойлаймын.
Бір айлық жиында әскери салаға ең қажетті мамандар айқындалып, соларды даярлауға күш салынған. Қазір мұнда мотоатқыштар, танк бригадасы, артиллерия бөлімшесі күн сайын жаттығу өткізеді. Сондай-ақ, әуе күштеріне, радиациялық, химиялық қаруға қарсы қорғаныс дайындығы жүргізіледі.
Мақсұт Гусейнов, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:
- 30 күндік әскери жиында біз керекті мамандарды жинақтап, осы әскери орталықта үш кезеңдік жаттығудан өткізу жоспарланған. Қазіргі онкүндікте мамандық бойынша дайындық өтті. Екі күн болды бөлімше дайындығына кірістік.
Әскери жиынға шақырылғандар казармада тұрып жатыр. Олар түгел киіммен, бірнеше мезгіл тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етілген. Қатысушылардың жұмыс орны мен лауазымы сақталып, айлығы төленеді. Жұмыс істемейтіндерге мемлекет тарапынан ең төменгі жалақы беріледі.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит, 24KZ