Мұнай өңдеу зауытында 7 айда 3,5 млн тонна мұнай өңделді
Жыл басынан бері ҚазМұнайГаздың еншілес кәсіпорны - Шымкент мұнай өңдеу зауытында 3 млн 580 мың тонна өнім өңделді.
Былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда өндіріс көлемі 520 мың тоннаға артқан. Елдегі ең ірі кәсіпорынның іске қосылғанына биыл 40 жыл толады. Осыған орай сала мамандары өндіріс қуатын арттыруға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақшы.
Нұрлан Ізенов кәсіпорын құрылғалы табан аудармай еңбек етіп келеді. Алғашында үшінші санатты оператор болып жұмысқа қабылданса, кейін технологиялық қондырғыларға жауапты қызметке ауысты. Айтуынша, қазір өңдеу ісі жетілдіріліп, мұнайдың қалдығына дейін кәдеге жаратылады.
Нұрлан Ізенов, «Петроқазақстан ойл продактс» ЖШС №2 цехының бастығы:
- Мұнайдың қалдығы болып есептелетін мазутты әрі қарай вакум жағдайында өңдеп, катилитикалық риформинг деген установкамыз бар. Жаңғыру жобасымен салынған. Соған шикізат түрінде беріледі.
Биыл тоқтаусыз еңбектің арқасында 3 млн 580 мың тонна мұнай өңделді. Оның 1 млн 340 мың тоннасы бензин, 1 млн 200 мың тоннасы дизель отыны. Сондай-ақ жеті айда 195 мың тонна авиаотын мен 207 мың тонна сұйытылған газ өндірілді. Нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету үшін оның құрамына жіті бақылау жүргізіледі.
Гүлжан Қарақұлова, «Петроқазақстан ойл продактс» ЖШС Сынақ зертханасының инженері:
- Екі бағытта жұмыс істейді. Бірінші, технологиялық қондырғылардың барлығын бақылаймыз. Екіншіден, біз шыққан өнімнің барлығын паспорттаймыз.
Кәсіпорынның өндірістік қауіпсіздігі күшейтілді. Өртке қарсы қорғаныс пен газ шығынын анықтау жүйелері іске қосылды. Биыл жасанды интелектіні енгізу бойынша пилоттық жоба сәтті сыналды. Талдаудың тың тәсілі апаттың алдын алуға мүмкіндік берді.
Әлібек Жолдасбек, «Петроқазақстан ойл продактс» ЖШС №3 цех бастығының орынбасары:
- Апаттық сигналдың барлығы осы орталыққа келіп түседі және сол арқылы технологиялық үдерістерге өзгертулер мен толықтырулар енгізуге мүмкіндік беретін орталық болып табылады.
Былтыр кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп, рекорттық көлемде мұнай өңдеді. Жылына 6 миллион тонна жанар-жағармай шығарылды. Алдағы 5 жылда инвестициялық жоба толық жүзеге асырылып, өндіріс қуаты 12 млн тоннаға дейін ұлғайтылады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов, 24KZ